«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КУРСТАР ҚАШЫҚТАН ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Мемлекеттік қызметшіден үнемі білім деңгейін арттырып отыру талап етіледі. Сол себепті мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мемлекеттік басқару жүйесінде ерекше орын алады.

Мемлекеттік қызметшілерді оқыту Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру шығындары тиісті бюджет есебінен төленеді.
Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік қызметке алғаш кірген немесе “Б” корпусының басшы лауазымына бірінші рет тағайындалғандар алты ай ішінде міндетті түрде қайта даярлау курстарына жіберіледі. Барлық мемлекеттік қызметшілер біліктілікті арттыру курстарынан кемінде үш жылда бір рет өтеді. 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысының 1794 мемлекеттік қызметшісі оқудан өтті. Бұл – барлық мемлекеттік қызметшілердің 37 пайызы. Биылғы жылдың басынан бері 180 мемлекеттік қызметші оқытылды.
“COVID-19” індетінің таралуына орай бүкіл әлемде қалыптасқан жағдай республиканың білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізді. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын негізгі жоғары оқу орны – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы және оның өңірлердегі филиалдары барлық білім беру мекемелері сияқты толығымен онлайн оқуға көшті.
Академияның қашықтан білім беру технологияларын қолдану тәжірибесі мол екенін атап айтқан жөн. Сәуір айынан бастап академия мемлекеттік қызметшілерді оқыту үдерісіне “Zoom” және “Moody” платформаларын, сондай-ақ, “Microsoft Teams” бағдарламасын белсенді түрде қолдануда. Бұл жүйелер онлайн оқытудың ережелерімен, тәртібімен, семинарлар бағдарламаларымен танысуға, оқытушылардан қажетті ақпараттық материалдарды алуға, чатқа хабарлама жазумен қатар, спикерге онлайн режімде сұрақ қоюға, сондай-ақ, пікірталастарға қатысуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілер қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан басқа Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратурада және докторантурада әртүрлі бағдарламалар бойынша оқудан өте алады.
Карантин жағдайында академияға түсуге ниет білдірушілердің барлығы құжаттарды “АИС Платонус” арқылы онлайн режімде тапсыра алады. “www.apa.kz” жүйесі үміткерлердің өтініштерін қабылдауды автоматтандыруға, сондай-ақ, оқуға түсу емтихандарын өткізуге арналған.


Гүлжан ЖҰМАҒАЗИНА,
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыс бойынша департаментінің
бас маманы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp