Соңғы жылдары өңірімізде жас кәсіпкерлердің қатары көбеюде. Бұл бағытта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Биыл өңірдің білім беру мекемелерінде “Кәсіпкерлік негіздері” курстары өткізілуде. Білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретін бұл сабақтарға өңір жастары белсене қатысуда. Облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өміршең болған бұл пән биылғы жылдың оқу бағдарламасына енгізілген болатын. Ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де беріледі. Жергілікті мектептер мен колледждердің оқушылары мен студенттері аптасына бір рет қатысып, кәсіпкерліктің негіздерімен танысу мүмкіндігіне ие болуда.
– Кәсіпкерлер палатасының бастамасы Білім және ғылым министрлігінен қолдау тапты. Бұл курстарды арнайы оқудан өтіп, біліктіліктерін жетілдірген мамандар жүргізеді. Жалпы палата өкілдері СҚМУ-дің 16 ұстазын оқытса, өңір колледждерінің – 30, ал мектептердің 66 мұғалімі арнайы оқудан өтті, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Владимир Литвиненко. Кәсіпкерлік негіздері пәні облыстың санаулы оқу орындарына қанатқақты жоба ретінде 2014 жылдан бастап біртіндеп енгізілді. “Бастау” бағдарламасы тәжірибесін негізге ала құрылған пән жастарды кәсіпкерліктің қыр-сырымен таныстыруды көздейді. Оқу жылында қатысушылар 36 сағатқа арналған оқу модульдерін меңгеріп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде дәлелдейтін болады. Оқытушылар мен ұстаздар екі апта оқыту әдістемесімен таныспақ .Бұл бастаманы қолдаған солтүстікқазақстандық іскер азаматтар “Кәсіпкерлік негізі” курстарына қатысып, жергілікті жастармен тәжірибелерімен бөлісуде. Олар кездесулер барысында жастарды кәсіпкерлікпен айнлысуға үндейді. Сабақтардың біріне қатысқан “Өзінше” білім беру орталығының директоры Әсел Есжанова мен облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Рахымбек Зейнуллин оқушыларға өз ісін бастау бойынша ақыл-кеңестерін беріп, жастарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.