«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІМ КІНӘЛІ?

Қазіргі қоғамда бір-бірінің қадірін түсінбей, өзара сыйластық суық шалған күзгі жапырақтай солғын тартып кеткен ерлі-зайыптылар аз емес. Олардың бірі тағдырына налыса да, бала-шаға қамы үшін деп, неге болса да шыдап, бір шаңырақ астында тұра береді. Ал кейбір жұптар еш-нәрсеге бет бұрмай, бірден ажырасып, отбасылық өмірге балта шабады. Жақында редакцияға алпысты алқымдаған қарт адам келді. Осыдан бірнеше ай бұрын оның келін-баласы ажырасып кетіпті. Соттың шешімі бойынша баспана да, көлік те ажырасқан кезде үш баланың анасының еншісіне бұйырған. Осы уақытқа дейін келінін қызындай сыйлап, бір ауыз қатты сөзге келмеген ақсақал олардың мұндай шешімге неге келгенін түсінбейді. Немере қызығын көретін шағында тұяқ жалғасын бір иіскеуге зар болып қалған қарттар қандай ақыл айтса да, ашуға мінген келін ақыры өз дегеніне жетіп тынған. Бұл жағдайда шаңырақтың шайқалғаны үшін қарт адам келініне кінә артып, барлығы тәрбиеден кеткен қателік дегенді алға тартады. Қалай болғанда да, біз біреудің отбасына бас сұғып, өмірлеріне араласудан аулақпыз. Өйткені, әр адамның өз шындығы болады. Бірақ ақиқат жалғыз екенін де ұмытпау керек. Олай болса бүгінгі таңда жастар арасында ажырасу неге белең алып барады және оған кім кінәлі деген сұрақ аясында сауалнама жүргізген едік. Оқырмандар жауабына құлақ түрелік.

Меңдігүл, 23 жаста:

– Отбасын құрып, балалы болған соң барлық қиындыққа шыдамдылықпен қарау керек. Менің тұрмысқа шыққаныма 4 жыл болды. Жұбайым екеуміз ұл тәрбиелеп отырмыз. Ата-енеміз де немересін жақсы көріп, соның бал тілін қызықтайды. Шаңырағымызда орнаған осындай тыныштықты, берекені бұзбау үшін әр нәрсеге сабырлықпен қарауға тырысамын. Менің ойымша, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық кешірімділік арқасында ғана сақталады.

Ақжан, 46 жаста:

– Кетіп қалған келінге кінә арта салу, әрине, оңай. Бірақ оның мұндай шешімге келуіне де үлкен себеп болған шығар. Күні ертең үш баланы өсіріп, жеткізу оған да оңай соқпайтыны анық. Бұл жерде мен барлығы тәрбиеден кеткен олқылық деген сөзге келісемін. Қатаң тәрбие қазіргі ұлдарға да, қыздарға да керек. Бүгінде жастардың көбі үйленуге, үй болуға үстірт қарайды. Мінездері жараспай жатса, көп ойланбай-ақ екі жаққа кетіп қалатындары аз емес. Жастықтың буымен, мүмкін, бұл қадамдарының арты не боларын ойламайтын да шығар? Сондықтан да бұл жерде жастарға үлкендердің көмегі, ақыл-кеңесі керек.

Мәркен, 56 жаста:

– Басылым беттерінен 50-60 жыл өмірлерін бірге өткізген өнегелі отбасылар туралы мақалалар оқығанда қуанып қаласың. Осының өзі жастарға үлгі емес пе? Жоқ нәрсеге бола ренжіп, аяқастынан ұрыс-керіс іздегенше, келіндердің ерінің алдында кішірейіп, жылы сөзбен жүрекке жол таба білгені дұрыс шығар. “Әйел – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі” деп даналар тегін айтпаған ғой. Сабырлықты құндаған ананың баласы да алаңсыз ұйықтап, үйі де әрқашан жылылық шуағына бөленіп тұрады.

Дәуренбек, 40 жаста:

– Қазіргі келіндер арасында сынықты сылтау етіп, титтей қиындыққа бола айғайға бой алдыратындар аз емес. Әсіресе, жаңа түскен келіндердің арасында енесімен, күйеуімен сөзге келіп қалса болды – киім-кешегін жинап, төркініне кетіп қалу дегенді жиі естиміз. Бұл өзі сәнге де айналып кеткен сияқты. Үйлеріне барған қыздарын жөнге салып, отбасына оралу амалын іздеудің орнына аналары құшақ жайып қарсы алып, “ішке сыйған балам, сыртқа да сияды” деген сөзбен өбектеп, қолпаштай түседі. Бұл – үлкен қателік. Қыз бала келін болып түскен соң сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығуы керек. Сонда ғана кереге мықты, босаға берік болады.

Майраш, 36 жаста:

– Мен 19 жасымда тұрмысқа шықтым. Арада 6 ай өткенде жұбайым екеуміз болмашы нәрсеге ұрсысып қалдық. Ренжіген бойда еш ойланбастан сөмкемді алдым да, жолға шығып, төркініме кетіп қойдым. Жаз айы болатын. Жолдан шаршап, шөлдеп келгенде анам: “Шайыңды үйіңнен ішесің, күйеуіңмен сөйлесіп отырып. Бар, жолға шық та, отбасыңа қайт. Енді бұлай істеуші болма!” – деп ұрсып жібергені әлі есімде. Содан амалсыз жаяулап-жалпылап, үйіме келдім. Анамның сол кездегі ұрысқаны мен үшін үлкен сабақ болды. Қазір жұбайым екеуміздің арамызда түсінбестік орын алса, сыртқа сыр білдірмей, жайымен, сабырға салып шешуге тырысамыз.

Дариға, 48 жаста:

– Кейбір жастар ажырасуға жеңіл қарайды. Өздерін ғана ойлап, басқа мәселеге мән бермейді. Саналы түрде отбасын құрған соң олар балаларының болашағына жауапты екенін жіті түсінбейді. Осындай қыңыр мінездің қырсығы қаншама адамның жүрегіне қаяу саларын бір мезгіл ойласа ғой.

Міне, оқырмандардың ойы осындай. Шындығына келгенде, ажырасудың сан түрлі себептері болады. Мәселен, мінез-құлық, материалдық жағдай, жұмыс, баспана, маскүнемдік, өзара сенімсіздік, ата-ененің, қайын жұрттың әсері болуы әбден мүмкін. Осылай санай берсек, бұл тізімнің соңына жету қиын. Бірақ негізгі себеп ұлттық құндылықтарға мән бермеуден бастау алады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp