“Менің ұлым – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, заңгер мамандығына ие. Бірнеше жылдан бері құқық қорғау саласы органдарында қызмет атқарып жүр. Бесжылдық жұмыс өтілімен нотариустық қызмет атқаруына бола ма және лизенция алудың тәртібін білгім келеді”.
Нұрғали СӘЛІМОВ,
Петропавл қаласының тұрғыны.
Оқырман сауалына облыстық әділет департаментінің бас маманы Динара Сабырова жауап береді:
“ҚР Үкіметінің “ҚР Әділет министрлігінің мәселелері” туралы 2004 жылғы 28 қазандағы №1120 қаулысының 16-тармағының 113-тармақшасына сәйкес нотариустардың қызметіне лицензияны Әділет министрлігі береді. Жасы жиырма беске толған, жоғары заңгерлік білімі бар және заңгер мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтіліне ие, нотариуста кемінде бір жыл мерзіммен тағылымдамадан, әділет аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өткен және нотариалдық қызметпен айналысу құқығына лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы нотариус бола алады.
Нотариалдық қызметпен айналысу құқығына үміткер аумақтық әділет органымен немесе нотариалдық палатамен тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады.
Заң мамандығы бойынша кемiнде бес жыл еңбек өтілі бар адамдар үшiн әдiлет органы мен нотариалдық палатаның бiрлескен шешiмiмен тағылымдаманың мерзiмi қысқартылуы мүмкiн және ұзақтығы үш айдан кем болмауы керек. Тағылымдамадан өту Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №36 бұйрығымен бекітілетін тағылымдамадан өтушілерді кәсіптік даярлаудың бірыңғай бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.
Тағылымдамадан өту аяқталған соң нотариус тағылымдамадан өтушінің кәсіптік даярлау бағдарламасын орындағанын көрсететін қорытынды дайындайды, ол он жұмыс күні ішінде аумақтық әділет органы мен нотариалдық палатаның бірлескен шешімімен бекітіледі. Тағылымдамадан өтуші кәсіптік даярлау бағдарламасын толық меңгермеген жағдайда оған қосымша уақыт беріледі.
Тағылымдамадан кейін тұлғалар арнайы аттестаттаудан өтеді. Оның тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 27 қаңтардағы №56 бұйрығымен бекітілген тағылымдамадан өткен және адвокаттық, нотариалдық қызметпен айналысу құқығына үміткер тұлғалардың аттестаттауын өткізу ережелерімен анықталады.
Аттестаттаудан өту үшін өтініш аумақтық әділет органының кеңсесі немесе “Электронды үкіметтің” (www.egov.kz) веб-порталы арқылы үміткердің тұрғылықты орны бойынша әділет органының мекенжайына жолданады (әділет органдарының мекенжайлары Әділет министрлігінің www.adilet.gov.kz интернет-ресурсында орналасқан).
Аттестаттаудан өту үшін аумақтық әділет органына мынадай құжаттар ұсынылады:
1) жоғарыда аталған мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес белгіленген нысанда аттестаттауға жіберу туралы өтініш;
2) мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес белгіленген нысанда нотариалдық қызметпен айналысу құқығына аттестаттаудан өту үшін мәліметтер нысаны;
3) әділет органдарына ұсынғанға дейін бір ай бұрын қызмет алушының тұрғылықты жері бойынша берілген наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден анықтамалар;
4) салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған, 2 жылдан артық заң мамандығы бойынша жұмыс өтілін растайтын құжаттардың көшірмесі.
Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы табыс етілмеген жағдайда әділет органдары бес жұмыс күнінен кешіктірмей үміткерге өзі ұсынған құжаттарымен бірге өтінішті қарамастан қайтарады.
Аттестаттауға жіберілген үміткерді аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы оны өткізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей, жазбаша немесе портал арқылы электронды түрде хабардар етеді.
Аттестаттау Қазақстан Республикасының заңнамасын білуден компьютерлік тест тапсыру және емтихан билеттері бойынша ауызша жауап беру тапсырмаларынан тұрады. Нотариалдық қызметпен айналысу құқығына аттестатталғаны немесе аттестатталмағаны туралы дәлелді шешім аттестаттау өткен күннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей шығарылады. Аттестатталғаны туралы комиссия шешімі ол шығарылған кезден бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады.