«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІНӘЛІ ЖАЗАСЫН АЛА МА?

Петропавл қалалық сотында “Ударник” түнгі клубының маңында екі қызды қағып кеткен “Лексус” көлігінің жүргізушісі Илья Старухинге қатысты қылмыстық іс қаралуда. Алғашқы сот отырысында айыптаушы тарап 27 жастағы Илья Старухинге мас күйде рөлге отырып, 22 жастағы Татьяна Балабанды және 25 жастағы Ксения Овсянникованы соғып кетті деп айып таққан болатын.

Ксения Овсянникова алған жарақатының салдарынан бірнеше күннен кейін ауруханада көз жұмған еді. Прокурор Асхат Акин айыпталушының жарақат алған қыздарға көмектесуге мүмкіндігі бола тұра, қылмыстық жауапкершіліктен қашып, оқиға орнынан бой жасырғанын айтты. Алайда, Илья Старухиннің өзі спирттік ішімдік ішкенін мойындамай отыр. Айыпталушының адвокаты Константин Дарий алғашқы отырыста жапа шегуші Татьяна Балабанның атынан тараптардың татуласуына байланысты оған қатысты эпизод бойынша қылмыстық істі тоқтату жөнінде өтініш берген болатын. Онда материалдық және моральдық шығынның толық өтелгені көрсетілген. Денсаулығына байланысты алғашқы сот отырысына келе алмаған Татьяна Балабан екінші отырысқа қатысып, айыпталушы Илья Старухинге қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Сондықтан сот аталмыш эпизод бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдады.

Ксения Овсянникованың екі жасар баласының мүддесіне өкілдік еткен оның бұрынғы жұбайы Павел Овсянников алғашқы отырыста айыпталушыға қатысты ешқандай шағым айтқан жоқ. Илья Старухиннің туыстары анасынан айырылған бүлдіршін алдында материалдық және моральдық шығындарды өтеп, алдағы уақытта да көмектесуге уәде берген. Сондықтан ол соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұрады. Ал Ксения Овсянникованың туған әпкелері Татьяна Попова мен Людмила Волвенко айыпталушы қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептейді. Олар жерлеуге және адвокаттың қызметіне кеткен материалдық шығынды – 984 мың теңге, ал моральдық шығынды әрқайсысына 5 миллион теңге деп есептеп отыр.

Алғашқы сот отырысында Илья Старухиннің адвокаты Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің атынан айыпталушының жазасын жеңілдету туралы өтінішті оқыған болатын. Илья Старухиннің қызметіне жауапкершілікпен қарайтыны жөнінде жазылған мұндай өтінішке прокурордың өзі наразылық танытқан еді. Бұдан кейін аталмыш мәселеге қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, бөлім басшысының міндетін атқарушы Ержан Ақановтың бұл өтінішті басшылықтың келісімінсіз жібергені белгілі болды. Комиссияның шешімімен мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығару ұсынылды.

Екінші сот отырысында куәгерлерден жауап алынып, істің мән-жайы анықталуы тиіс болатын. Алайда, Павел Овсянников кәмелеттік жасқа толмаған қызының мүддесіне өкілдік ету үшін адвокат жалдамаған екен. Сондықтан мемлекет адвокат ұсынып, ол қылмыстық істің материалдарымен танысқанға дейін отырыс кейінге қалдырылды. Келесі отырысты судья 15 қаңтар күніне белгіледі.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp