
Соңғы жылдары құрылыс саласы қарқын алған Қызылжар өңірінде кірпішке деген сұраныс артуда. Дегенмен, әр жылдары ашылған кірпіш зауыттары көп уақыт өтпей жатып, жабылып қалғаны белгілі. Облысымызға танымал кәсіпорындардың бірі – “Титан-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталмыш мәселені шешуге білек сыбана кірісіп кетті.
Болашақ жобамен танысу мақсатында серіктестік директоры Гарик Бернецянмен хабарласып, қолға алған жоба туралы сұрап білген едік. Былтыр өңірімізде 86,8 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 250,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жыл соңына дейін 270 мың шаршы метр тұрғын үй немесе үш мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Яғни, алдағы уақытта өз жұмысын бастайтын кірпіш зауытының өніміне сұраныс мол болмақ.
– Қолға алған жобамыздың құны – 1,2 млрд. теңге. Он гектар жер телімінде өндірістік ғимарат пен өзге де нысандарды салып жатырмыз. Күніне 100 мың, ал жылына 36 млн. дана керамикалық кірпіш шығаруды жоспарлап отырмыз. Мамандарымыздың есебі бойынша, өндіріс іске қосылса облысымыз ғана емес, басқа өңірлер де құрылыс материалдарымен қамтылмақ. Зауытымыз заманауи құрылғылармен жабдықталатын болады. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін өндірістік нысанда 80-ге жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтымақпыз, – деді Гарик Симонович.

Әр жылдары Петропавл қаласында “Қызылжар кірпіш зауыты”, “Жансая” және “Алаугаз СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің кірпіш шығаратын зауыттары жұмыс істеген. Бастапқыда кәсіпорындардың аяқ алысы жаман емес еді. Өкінішке қарай, болашағынан көп үміт күттірген бұл зауыттардың ғұмыры ұзаққа бармады. Жабылып тынды. Осы орайда жаңа кәсіпорын бұған дейінгі зауыттардың кебін кимей ме деген сұрақ туады. Гарик Бернецянның айтуынша, бүгіндері облысымыздағы құрылысқа жылына 30 млн. дана кірпіш қажет. Әзірше, мердігерлер кірпішті басқа өңірлерден жеткізуге мәжбүр. Егер бұл материал өңірімізде шығарылатын болса, құрылыс компанияларының шығындары біршама азаймақ. Нарықты зерттеп, жобаны жүзеге асыру ісіне үлкен дайындықпен келген кәсіпкер зауыт ашылғаннан кейін облыс аумағында құрылысы жүргізілетін мешіттер мен шіркеулерге кірпіш тегін берілетіндігін де атап айтты. Бұл 28 жылдан бері облысымызда тұрып, өз ісін жүргізу мүмкіндігіне ие болған азаматтың өңірімізге деген сыйы болмақ.
1991 жылы Армениядан Қазақстанға көшіп келген азамат Қазақстан-Ресей университетінде және Сібір мемлекеттік автокөлік жол академиясында білім алған. 2005 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы 1200 орындық №51 Президент мектебінің құрылысын жүргізіп, бас қаланың Абай және Қаныш Сәтбаев көшелерін, 13-ші магистральды жөндеу жұмыстарына қатысқан. 2006 жылы Петропавл қаласына келіп, “Титан-Север” ЖШС-ін құрады. Аталмыш кәсіпорын аз уақыттың ішінде сапалы қызметімен көзге түсіп, бүгінге дейін өңірде жол салу, күрделі жөндеуден өткізу, күтіп-ұстау бойынша біршама тәжірибе жинақтап үлгерген. 2007-2012 жылдар аралығында Петропавл қаласының көшелері мен аудандардағы тас жолдарға жүргізілген ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының 70 пайызы аталмыш серіктестікке тиесілі.
– Біз жол салу, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарымен, асфальт-бетон қоспаларын және темір-бетон бұйымдарын өндірумен айналысамыз. Жыл сайын жұмыс ауқымы кеңейіп келеді. Құрылыс саласына қажетті 50-ден астам заманауи техникамыз бар. Жергілікті құрылыс материалдары қолданылады, өзіміздің асфальт-бетон зауытымыз қажетті материалдармен қамтамасыз етеді. Сапаны басты орынға қоямыз, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі уақытта 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанына қарамастан, серіктестік кадр тапшылығын сезінуде. Кәсіпорын директоры мәселені шешу мақсатында жұмысшы мамандықтарына оқытатын бірнеше колледж басшыларымен кездесіп, жастарға құрылыс алаңдарында тәжірибе жинақтауды ұсынған. Компания өзінің білікті мамандарымен мақтанады. Серіктестік ашылған күннен бастап жұмыс істеп келе жатқан инженерлер Әлфия Ысқақова мен Сайд Ахметов, өндірістік-техникалық бөлімінің мамандары Валентин Русаков пен Елена Гельман ұжымның мақтанышына айналған. Мекемеде жас мамандар да көп.
“Титан-Север” ЖШС-нің директоры 2017 жылы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасына қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Жоба аясында 25 мыңнан астам дауыс жинаған. Компания мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Петропавл қаласында 3 бірдей балабақша салып, құрылыс жұмыстарына 2 млрд. теңгенің инвестициясын тартқанын да атап айтқан жөн.
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік – ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өріске шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі. Сондықтан әлеуметтік мәселелердің шешіміне арқау болған мемлекеттік-жекешелік әріптестікке қатысуды абыройлы міндет санаймын. Бүгінге дейін облыс орталығында үш балабақшаның құрылысын жүргіздік. 2015 жылы 320 орындық “Еркем-ай” балабақшасын салған болатынбыз. Екі жылдан кейін 90 орындық “Нұр бала” және 140 орындық “Ақ қайың” балабақшасын пайдалануға бердік, – дейді Гарик Бернецян.
Серіктестік бүгіндері облыс орталығында мейрамхана құрылысын жүргізуде және бірнеше жылдан бері бос тұрған екіқабатты нысанды қалпына келтіруде. Алдағы уақытта бұл жерде мектеп немесе емхана ашылуы мүмкін.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: (жоғарыда) серіктестік директоры Г.Бернецян; (төменде) асфальт-бетон зауыты.