«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІРПІШТІ СЫРТТАН ТАСУ ТОҚТАЙДЫ

Соңғы жылдары құрылыс саласы қарқын алған Қызылжар өңірінде кірпішке деген сұраныс артуда. Дегенмен, әр жылдары ашылған кірпіш зауыттары көп уақыт өтпей жатып, жабылып қалғаны белгілі. Облысымызға танымал кәсіпорындардың бірі – “Титан-Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталмыш мәселені шешуге білек сыбана кірісіп кетті.

Болашақ жобамен танысу мақсатында серіктестік директоры Гарик Бернецянмен хабарласып, қолға алған жоба туралы сұрап білген едік. Былтыр өңірімізде 86,8 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргі­зіліп, 250,5 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілген болатын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жыл соңына дейін 270 мың шаршы метр тұрғын үй немесе үш мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Яғни, алдағы уақытта өз жұмысын бастайтын кірпіш зауытының өніміне сұраныс мол болмақ.
– Қолға алған жобамыздың құны – 1,2 млрд. теңге. Он гектар жер телімінде өнді­ріс­тік ғимарат пен өзге де нысандарды са­лып жатырмыз. Күніне 100 мың, ал жылына 36 млн. дана керамикалық кірпіш шы­ға­ру­ды жоспарлап отырмыз. Мамандарымыз­дың есебі бойынша, өндіріс іске қосылса облысымыз ғана емес, басқа өңірлер де құ­рылыс материалдарымен қамтылмақ. За­уытымыз заманауи құрылғылармен жаб­дық­талатын болады. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін өндірістік нысанда 80-ге жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтымақпыз, – деді Гарик Симонович.

Әр жылдары Петропавл қаласында “Қы­зылжар кірпіш зауыты”, “Жансая” және “Алау­газ СК” жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктерінің кірпіш шығаратын зауыттары жұмыс істеген. Бастапқыда кәсіпорындар­дың аяқ алысы жаман емес еді. Өкінішке қарай, болашағынан көп үміт күттірген бұл зауыттардың ғұмыры ұзаққа бармады. Жа­былып тынды. Осы орайда жаңа кәсіпорын бұған дейінгі зауыттардың кебін кимей ме деген сұрақ туады. Гарик Бернецянның ай­туынша, бүгіндері облысымыздағы құры­лыс­қа жылына 30 млн. дана кірпіш қажет. Әзірше, мердігерлер кірпішті басқа өңір­лер­ден жеткізуге мәжбүр. Егер бұл ма­те­риал өңірімізде шығарылатын болса, құры­лыс компанияларының шығындары бір­шама азаймақ. Нарықты зерттеп, жобаны жү­зеге асыру ісіне үлкен дайындықпен кел­ген кәсіпкер зауыт ашылғаннан кейін облыс ау­мағында құрылысы жүргізілетін мешіт­тер мен шіркеулерге кірпіш тегін беріле­тіндігін де атап айтты. Бұл 28 жылдан бері об­лысымызда тұрып, өз ісін жүргізу мүм­кіндігіне ие болған азаматтың өңірімізге деген сыйы болмақ.

1991 жылы Армениядан Қазақстанға кө­шіп келген азамат Қазақстан-Ресей уни­верситетінде және Сібір мемлекеттік авто­көлік жол академиясында білім алған. 2005 жы­лы Нұр-Сұлтан қаласындағы 1200 орын­дық №51 Президент мектебінің құрылы­сын жүргізіп, бас қаланың Абай және Қа­ныш Сәтбаев көшелерін, 13-ші ма­гис­траль­ды жөндеу жұмыстарына қатыс­қан. 2006 жылы Петропавл қаласына келіп, “Титан-Север” ЖШС-ін құрады. Аталмыш кә­сіпорын аз уақыттың ішінде сапалы қыз­ме­тімен көзге түсіп, бүгінге дейін өңірде жол салу, күрделі жөндеуден өткізу, күтіп-ұс­тау бойынша біршама тәжірибе жинақ­тап үлгерген. 2007-2012 жылдар аралы­ғында Петропавл қаласының көшелері мен аудандардағы тас жолдарға жүргізілген ағым­дағы және күрделі жөндеу жұмыс­тарының 70 пайызы аталмыш серіктестікке тиесілі.
– Біз жол салу, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарымен, асфальт-бетон қоспала­рын және темір-бетон бұйымдарын өндіру­мен айналысамыз. Жыл сайын жұмыс ау­қы­мы кеңейіп келеді. Құрылыс саласына қа­жетті 50-ден астам заманауи техникамыз бар. Жергілікті құрылыс материалдары қол­да­ны­лады, өзіміздің асфальт-бетон зауы­тымыз қажетті материалдармен қамта­масыз етеді. Сапаны басты орынға қоя­мыз, – дейді кәсіпкер.
Қазіргі уақытта 100 адамды тұрақты жұ­мыспен қамтып отырғанына қарамастан, серіктестік кадр тапшылығын сезінуде. Кә­сіпорын директоры мәселені шешу мақса­тында жұмысшы мамандықтарына оқыта­тын бірнеше колледж басшыларымен кез­де­сіп, жастарға құрылыс алаңдарында тәжірибе жи­нақтауды ұсынған. Компания өзінің білікті ма­манда­рымен мақтанады. Серіктес­тік ашылған күннен бастап жұмыс істеп ке­ле жатқан инженерлер Әлфия Ысқақова мен Сайд Ахметов, өндірістік-техникалық бө­лімінің мамандары Валентин Русаков пен Елена Гельман ұжымның мақтаны­шы­на айналған. Мекемеде жас мамандар да көп.
“Титан-Север” ЖШС-нің директоры 2017 жылы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жоба­сына қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Жоба аясында 25 мыңнан астам дауыс жинаған. Компания мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Петропавл қаласында 3 бірдей ба­лабақша салып, құрылыс жұмыста­рына 2 млрд. теңгенің инвестициясын тарт­қанын да атап айтқан жөн.
– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік – ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа өріске шығаруға септесетін үлкен жобалардың бірі. Сондықтан әлеуметтік мәселелердің ше­шіміне арқау болған мемлекеттік-же­­ке­шелік әріптестікке қатысуды абырой­лы міндет санаймын. Бүгінге дейін облыс ор­талығында үш балабақшаның құрылы­сын жүргіздік. 2015 жылы 320 орындық “Ер­кем-ай” балабақшасын салған болатын­быз. Екі жылдан кейін 90 орындық “Нұр ба­ла” және 140 орындық “Ақ қайың” балабақ­шасын пайдалануға бердік, – дейді Гарик Бер­нецян.
Серіктестік бүгіндері облыс орталығын­да мейрамхана құрылысын жүргізуде және бірнеше жылдан бері бос тұрған екіқабат­ты нысанды қалпына келтіруде. Алдағы уа­қытта бұл жерде мектеп немесе емхана ашылуы мүмкін.


Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: (жоғарыда) серіктестік директоры Г.Бернецян; (төменде) асфальт-бетон зауыты.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp