Өткен жылы “Алаугаз СК” ЖШС-і Индустрияландыру картасы аясында Ресей мен Қытайдың технологиялық жабдықтарымен жарақтанған қызыл кірпіш шығаратын зауытты ресми түрде іске қосқан болатын. Бұған, алдымен, кірпішті іргеміздегі Көкше өңірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден алдыртатын қаламыздағы түрлі құрылыс фирмаларының басшылары бөріктерін аспанға ата қуанғандары сөзсіз.
Зауыттың жобалық қуаты да көңілге қуаныш ұялатқандай еді. Ол жылына 3,6 миллион дана кірпіш шығаруға тиісті. Бірақ бір жылдық жоспар былай тұрсын, жаңа зауыт бір айдың межесінен көріне алмай, бар болғаны 600 дана кірпіш шығарып, ғұмыры сонымен таусылғандай болған. Жұмысы сонымен тоқтаған.
Зауыт неге ашылмай жатып, жабылған деген сауалға тиісті мекемелерден жауап алудың сәті түсті. “Бақсам, бақа екен” демекші, “Алаугаз СК” ЖШС әлгі 600 кірпішті газ қымбаттамай тұрып шығарып үлгергенге ұқсайды. Сосын көгілдір отынның бағасы аяқастынан күрт көтерілген кезде жұмысын тоқтатқан. Мамандардың айтуынша, “жығылғанға жұдырық” дегендей, зауытта орнатылған пеш те ақаулы болып шығып, ұжымның жігерін құм қылған. Оны қайтадан қалпына келтіргенмен, зауыт әлі үнсіз.
Осынау өндіріс орнының одан арғы жағдайы жайлы тағы бір білгеніміз – бүгінгі күні ондағы технологиялар силикат кірпіш шығаруға бейімделіп, жаңартылыпты. Зауыт енді көп кешікпей өзінің алғашқы өнімін шығара бастайды деп күтілуде.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.