
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыс орталығында қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына 1 сәуірден бастап Петропавл қаласына кіріп-шығуға және тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылатынын хабарлады.
Белгілі болғандай, жарияланған шектеуге байланысты 9 бақылау-өткізу пункті орнатылады. Қазіргі таңда қала маңындағы ауылдардан Петропавлға келіп жұмыс істейтіндердің саны есептелуде. Егер қалаға қатынап жұмыс істейтіндердің саны көп болса, бақылау-өткізу пункттерін сол ауылдардың маңына жылжыту жоспарланып отыр.
– Күн сайын барлық көшелер, аялдамалар, қоғамдық көліктер зарарсыздандырылады. Зарарсыздандыруға қажетті қондырғылар жеткілікті, тиісті қаражат бөлінді, мамандар даяр. Қоғамдық көліктердің қозғалысында да шектеулер болады. Балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Шектеудің қашанға дейін созылатыны белгісіз, – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар жабылып, оларға баруға шектеу қойылып, күзетілетін болады. Облыс орталығын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасыл дәліз ашылады, супермаркеттер жұмыс істейді. Өңірдің экономикасына елеулі үлес қосып отырған ірі кәсіпорындар барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра жұмысын жалғастырады. Құмар Ақсақалов бұл шаралар арқылы Петропавл қаласына келушілердің санын шектеу көзделіп отырғанын жеткізді. Егер адамдардың қарым-қатынасы азайса, індеттің де қаупі сейіледі.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.