«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІСІ ӨЛТІРУШІЛЕРГЕ ҮКІМ ШЫҚТЫ

Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (Қаржы полициясы) бастығының бірінші орынбасары Жандос Ахметовті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот тапсырыс бойынша департамент бастығымен шатастырып, Ж.Ахметовті қаскөйлікпен өлтірді деген айып тағылған А.Джамалдиевті бар мүлкін тәркілей отырып, 24 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Департамент бастығының орынбасарын өлтіруге қатысқан П.Ковалевтің де барлық мүлкі тәркіленіп өзі 22 жылын қатаң режімдегі колонияда өтейтін болды. Ал аса ауыр қылмысты алдын ала уәде берместен жасырғаны және атыс қаруын, оқ-дәрiлердi өткізгені үшін Б.Хукиев 5 жылға бас бостандығынан айрылып, 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 926 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Сот залынан шыққан соң қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Ж.Ахметовтің әкесі журналистердің сот үкіміне қатысты сұрағына:

– Сотталғандар өз кінәларын мойындап, жазаларын алды. Әйтсе де, “Бұл істің артында кім тұр және не себепті менің ұлымды өлтірді?” деген басты сұрақ жауапсыз қалды. Оған қатысты сотта да бірауыз сөз айтылмады. Соған қарағанда, құқық қорғау органдарының тапсырыс берушіге тісі батпай тұр, – деді.

Сотталғандарға тағылған айыпқа сәйкес қылмысқа тапсырыс беруші облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығын қаскөйлікпен өлтіру туралы А.Джамалдиевке ұсыныс жасаған. Джамалдиев болса басқа адамды жалдаған. Сөйтіп, өткен жылдың 24 желтоқсанында Петропавлда өз үйінің кіреберісінде Ж.Ахметов қылмыскердің қолынан қаза тапқан болатын.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp