Ғаламтор жылдамдығы артып, технологиялар өмірімізге дендеп енді дегенімізбен, электронды контенттің қарапайым кітаптың орнын баса алмасы мәлім болып отыр. Мыңдаған жылдар бойы адамзатқа ұстаз болып, бізді осы күнге жеткізген кітаптың оқырманға берері әлі де мол. Түптеп келгенде, осы күнгі жеткен жетістіктері үшін адам баласы, ең алдымен, кітапқа қарыздар.
«Адамзат оқуды тоқтатқан күні, ойлауын тоқтатады», –дейді Дени Дидро. Ал ойлаудың тоқтауы дамудың тоқтауын білдіреді. Осыны түсінген дамыған елдер әдебиеттің бағасын әлдеқашан беріп, күнделікті кітап оқуды әдетке айналдырған. Біз өміріне қызығып, таңдана қарайтын, технологиясы әлдеқашан дамып кеткен батыс елдерінде саябақта, аялдамада қолына кітап ұстаған адамды жиі кездестіруге болады.
Оқыған адамның таным көкжиегі кеңейіп, өзіндік көзқарасы қалыптасып, ойлау жүйесі дамиды. Ондай адам қай жағдайда да өзін сенімді ұстайды, басқалармен тіл табысады, шешім қабылдауда қиналмайды. Осы күні бізді алаңдатқан сұрақтың бәрі кітаптарда жазылып, жауабы беріліп қойған. Сондықтан да қазіргідей аласапыран заманда адасып кетпеу үшін кітап дейтін рухани тірегімізден айырылмағанымыз жөн.
Еуропада баспа машиналарының пайда болуы адамдардың кітапқа ден қойып, оқу мәдениетінің кеңінен тарауына әкелді. Аз ғана уақытта адамзат ғылым мен мәдениетте үлкен жаңалықтар ашып, кітап өркениетті қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Кітапқа байланысты атаулы күндер, мерекелер мен игі дәстүрлер қалыптасып, ниеттес адамдардың арасындағы байланысты нығайта түсті. Елімізде де өткен жылы Ұлттық кітап күнінің белгіленуі, 14 ақпанда Халықаралық кітап сыйлау күнінің аталып өтілуі – осының дәлелі.
Өз ісіне адал әдемдік баспагерлер: «Біз оқырманға кітап жеткізгенде қандай да бір мөлшердегі қағаз немесе бояу жеткізбейміз. Біз жаңа идея, жаңа өмір жеткіземіз», – дейді екен. Өмірде жақын жанға ерекше идея, өміріңді ұмытылмастай әсер сыйлаудан артық сыйлық бар ма? Сондықтан да кітап сыйлауды насихаттау маңызды. Атаулы күнге орай Қызылжарда да осы бағыттағы бірқатар іс-шара өтті. Облыс орталығы мен аудандарда, аудандық, ауылдық, мектепшілік кітапханаларда кітап сыйлау акциялары ұйымдастырылды. Мысалы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен шара барысында қатысушылар бір-бірімен кітап алмасып, сыйға тартты. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде өздерінің сүйікті шығармаларын жариялап, алған әсерлерімен бөлісті.
– Кітап – әлемге деген көзқарасты өзгерте алатын құнды сыйлық. Осындай акциялар адамдарды жаңа дүниелермен таныстырып, интеллектуалдық деңгейін арттырады, сондай-ақ оларды мәдени және адамгершілік тұрғыдан да байытады. Кітаптар арқылы біз өзіміздің ой-өрісімізді кеңейтіп, жаңа әлемдерге қадам басамыз. Әрбір сыйға берілген кітап – бір адамның әлемін өзгертуге, тың жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді», – деді шараға қатысқан «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы Александр Зель.
Осындай игі шара көпбейінді облыстық балалар ауруханасында да өтті. Халықаралық кітап сыйлау күніне орай ассамблея белсенділері денсаулық сақтау мекемесінің қорына 30 кітап сыйлап, балғындарды қуантты.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».