Елімізде карантин шаралары енгізілгенімен, өңіріміздегі мәдени-ағарту нысандары жұмыстарын онлайн режімде жалғастыруда. С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкерлері әлеуметтік желілер арқылы тікелей байланысқа шығып, тұрғындарды әр бөлімнің бай қорымен таныстыруда. Әсіресе, бүгінгі жағдайда тұрақты оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру үшін кітап қорының аудионұсқаларын назарға ұсынуда. Бұл аудионұсқаларды кез келген оқырман пайдалана алады.
– Біз жуырда кітапхана оқырмандарын өнер бөліміндегі дискілер коллекциясымен таныстырдық. Бұл бөлімнің әдебиет қоры бай. Мысалы, “Қазақтың дәстүрлі жүз әні” кітабында ел ішінде кең таралған 500-ге жуық халық әндері жинақталған. Сонымен қатар беташар, сыңсу, көңілашар сынды ғұрыптық әндер де топтастырылған. Екі бөлімнен тұратын бұл кітапта дәстүрлі әндердің шығу тарихы мен орындаушылары жайлы мол мәлімет бар. Осының барлығын аудионұсқадан тыңдауға болады, – деді кітапханашы Кәмшат Әбілкәрімова.
Сонымен қатар өнер бөлімінің мамандары оқырмандар назарына атақты жерлестеріміз жайлы кітаптардың электронды нұсқаларын да ұсынды.