Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан бүкіл әлемге өзінің Тәуелсіздігін паш етті. Ширек ғасырда тұрақты даму жолына түсіп, биік белестерді бағындырған Қазақ елінің толағай жетістіктері Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия шаңырағында “Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн акциясы аясында өткен шара барысында сөз болды.
Үстіміздегі жылдың 21 қарашасынан бастау алған 25 жұлдызды күн мерекелік шарасының тақырыптары мен мазмұны жан-жақты. Атап айтсақ, “Мен – өз елімнің патриотымын!”, “Теңге – мемлекет кепілі”, “Еліміздің ертеңіне жетелеген Елбасы”, “Бәріміз – бір отбасы, бір халықпыз”, “Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым”, тағы басқа да тақырыптар қамтылды. Мектебімізде ұйымдастырылған “Тәуелсіздік – халық мұраты”, “Қазақ Елі – Мәңгілік Ел” атты кітаптар, қолөнер, суреттер көрмелері де осы іс-шараға орайластырылды.
“Жас Отан” жастар қанаты Петропавл қалалық филиалы ұйымдастырған “Тәуелсіздікке 25 жыл” атты конференцияда оқушылар саяси тақырыптарды талқылап, өз көзқарастарын білдірді. Мектебіміздің 2-10-сынып оқушыларының арасында “MADE IN KAZAKHSTAN” атты тауарлар жарнамасының байқауына қатысушылар өз елдерінің шынайы патриоттары екендігін байқатты. Бұл шарада 3 “а” сыныбының оқушысы Айнұр Тілеулинаның қажетсіз бұйымдардан жасаған робот үлгісіндегі киімі бас жүлдені жеңіп алды.
Мемлекеттік тілдің бірыңғай күні барысында қазақ тілі пәнінің мұғалімдері ашық сабақтар өткізсе, жоғары сынып оқушылары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР” манифесінің негізгі идеяларын талқылады. “Менің елім – менің Қазақстаным!” кітапханалық сабағы жаппай кітап оқитын 3 “ә” сыныбында өтті.
25 жұлдызды күннің қорытындысы “Тәуелсіздік – тірегім” атты салтанатты жиынмен түйінделетін болады.
Гүлнұр ЕЛУБАЙ,
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.