
Бурабай қаласында 18-21 мамыр аралығында мәдениет және өнер саласы қызметкерлері мен ұйымдарының “Рухани қазына – 2021” фестивалі рәсімі өтті.
Жиында “Үздік облыстық маңызы бар кітапхана қызметкері”, “Бюджеттен тыс қаражатты тарту арқылы кітапхана қорын толтырған үздік кітапхана” аталымдары бойынша С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Бейбітгүл Әбілмәжінова жеңіске жетті.
– Бұл шараға еліміздің әр өңірінен мәдениет ұжымдары қатысты. Музей, кітапхана мен Мәдениет үйлері қызметкерлері арасында осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шараға Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса сынды қаламгерлер қазылық етті. Үш күн бойы Бурабайдың баурайында әр өңірден келген әріптестерімізбен пікірлесіп, тәжірибе алмастық. Біз мұндай шараға жыл сайын қатысамыз. Алған әсеріміз керемет, – дей келе, Бейбітгүл Мағжанқызы қос аталым бойынша 1 миллион теңгеге қол жеткізгенін, бұл қаржыға облыстық кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ Бейбітгүл Әбілмәжінова кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі үшін 1 орынға қол жеткізіп, дипломмен марапатталғанын айтып өткен жөн. Өңір намысын қорғаған Қызылжар аудандық Мәдениет үйінің музыка әрлеушісі (аранжировщик) Дамир Есболов та айтулы шарадан құр қол қайтпады. Музыка маманы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы жүлде мен 300 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.