«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАПХАНАШЫ ТҮСІРГЕН ТУЫНДЫ

Облыстық мәслихатта жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма және жастар бастамалары орталығы мамандарының ұйымдастыруымен “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалық шақ” атты іс-шара өтті.

Екі бөлімнен құралған шараның алғашқы кезеңінде кездесу қонақтары қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Сайын Мұратбековтың “Жусан иісі” повесінің желісі бойынша түсірілген қысқа метражды фильмді тамашалады. Жүректерге жазылмастай жара салып, тарихта қара таңбадай сақталған Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін бейнелеген фильмнің қоюшы-режиссері – Айкен Қапсытбаева. Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылындағы орта мектептің кітапханашысы болып жұмыс істейтін Айкен Аушақызының айтуынша, аталмыш фильм – оқырмандарды, оның ішінде балаларды әдеби туындыларды оқытудың, қызығушылықтарын оятудың бірден-бір жолы.

– “Жусан иісі” шығармасымен танысу арқылы отты жылдардың қиындығын, ата-анасы соғысқа аттанып, жетімдіктің қамытын киген бүлдіршіндердің қилы тағдырын сюжеттік желімен көрсетуді ойладым. Сабақ жоспары бойынша аталмыш шығарманы 7-сынып оқушылары оқитындықтан, негізгі кейіпкерлерді де осы сыныптан іздедім. Фильмді он бес күн ішінде түсірдік, – деді ол.

Фильмнің басты кейіпкері Аянның рөлін Ғ. Мүсірепов атындағы Жаңажол орта мектебінің 7-сынып оқушысы Болатбек Мүсіралин сомдады. Әңгіме желісі бойынша кішкентайынан жоқшылықтың азабын көрген бала ата-анасынан бірдей айрылып, кәрі әжесінің қамқорлығында өседі. Ауыл балаларымен қоян-қолтық араласқан ол ертегілер айтуға шебер. Оның баурап алатын таңғажайып ертегілерін тыңдаған ауыл балалары ауыздарының суы құрып, тіпті, айтылғандарды тағы бір естуге ынтық болады. Ойын балаларының бақытты балалық шақтарын ұрлаған сұм соғыстың бір күнінде жалғыз жанашырының кенеттен ауыр науқасқа шалдығып, бақилық болуы бала Аянды ерте есейтеді. Барар жері, басар тауы қалмаған тұл жетімнің аянышты тағдырын тартымды бейнелеген фильм Аянның қарт әжесінің өзге ауылда тұратын жамағайын туыстарына қоныс аударуымен аяқталады.

Шара барысында Болатбек Мүсіралинді жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Рамазанова құттықтап, басқарма қызметкерлері атынан ұялы телефон сыйға тартты.

Фильмді тапжылмай тамашалаған көрермендердің ортақ пікірі: “Көркемдік жағынан кемшін тұстары байқалса да, режиссердің де, рөлдерді сомдаған балалардың да еңбектері бағалауға тұрарлық” .

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp