«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАПҚА ҚҰШТАР ЖАС ӨРЕН

Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімнің киелі ордасы. Ал қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, наси­хаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – абыройлы мамандық иелері. Өскелең ұрпақты кі­тап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың қызығу­шылығын арттыруға, талғамына, таңдауына, қажетті тақырыптарын тауып беруге, әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген көзқарасын оятуда кітап­ханашының атқаратын рөлі жоғары.

Кішкентай оқырмандарының жүрегіне жол тауып жүрген кітапха­нашының бірі – Шал ақын аудандық кітапханасы жанындағы «Бала­лар кітапханасының» меңгерушісі Жанна Көпеева осы салада 25 жыл табан аудармай жұмыс істеп келе жатыр, соның 15 жылын «Балалар кітапханасына» арнаған жан. Айтуынша, мұнда әртүрлі жанрдағы кі­таптар бар. Қазіргі кезде жас ақын-жазушылардың туындылары, қиял ғажайып, детектив жанрындағы туындылар жеткілікті. Мәселен, кі­тапхана қорындағы балалар әдебиетінің классиктері – Джанни Рода­ри, Марк Твен, Артур Конан Дойл, Стивен Кинг, ағайынды Гриммдер секілді авторлардың фантастикалық шығармалары балаларға қызық.

– Кітапханаға келетін балалар саны күн санап артып келеді, қазір күніне 15-20 оқырманымыз осында кітап оқиды. Олармен демалыс күндерінде жоспарға сәйкес түрлі қызықты, тағылымды іс-шараларды ұйымдастырамыз. Әлеуметтік желіде де белсендіміз, — дейді Жанна Көпеева.

Психологтардың сөзіне сүйенсек, атыс-шабыс көріп өскен, ұялы телефоннан бас көтермейтін баланың мінез-құлқы мен ой-танымы өз­гереді. Баланың денсаулығын айтпағанда, жүректі қаттылық жеңеді. Ал баланы осы бір қауіптен алып шығу үшін балалар жазушыларына артылар салмақ зіл батпан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажеттігін баса айтқан болатын.

Мемлекеттің қолдауымен биыл аудандық кітапхана күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Жөндеуге дейін балалар кітапханасына арналған оқу залы және абонемент екі бөлек болса, қазір екеуі де бір залдың ішінде орналасқан.

– Кітапқа қызығушылығы жоғары оқушыларды тауып, әртүрлі байқауларға қатыстырамыз. Дарынды балалар ауданымызда өте көп. Оларға қолдау көрсету керек. Өйткені кішкентай оқырмандардың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралардың жастарға берері мол. Сондай-ақ инабатты да, еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез-келген қиындыққа төтеп бере алатын кітапханашылардың игілікті істері қоғамға әрдайым қажет, – дейді кішкентай балалардың бағбаны.

Баланы кітап оқуға жастайынан баулу жемісін бермей қоймайды. Өйткені кітап оқыған адамның танымы артып, сөздік қоры көбейіп, білімі ұшталады.

Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапха­нашылардың еңбегі ұшан-теңіз.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp