М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Бір ел – бір кітап” акциясы аясында “Дарқан даланың саңлақ перзенттері” атты шара өтті. Ұлт руханиятын дәріптеп, шығармашылықты насихаттау мақсатында 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акция қазақ қаламгерлерінің таңдаулы туындыларын көпшілікке оқытуды көздейді. Биыл үш бірдей қаламгердің – Шәкәрім Құдайбердіұлының “Үш анық”, Бауыржан Момышұлының “Ұшқан ұя” және Немат Келімбетовтің “Үміт үзгім келмейді” шығармалары таңдап алынды.
Университетте өткен шара барысында аталмыш кітаптар көрмеге қойылып, ақын-жазушылардың өмірі туралы бейнефильмдер көрсетілді. “Практикалық қазақ тілі” кафедрасының оқытушысы Данагүл Қуандықованың айтуынша, үш автордың туындыларында өмірге деген құштарлық, пәлсапалық ой, тарихымыз бен салт-дәстүріміз кеңінен қамтылған. Бұл шығармаларда өмірдің ыстығы мен суығына шыдап, қиындықпен күресе білген жандардың тағдыры бейнеленген. Студенттер өз ойларын ортаға салып, Абайдың “Көзімнің қарасы”, Шәкәрімнің “Анадан алғаш туғанда” әндерін орындады.
Шара соңында кітапханашы Бибігүл Абдрахиева кітап көрмесіне шолу жасады. Маманның айтуынша, акция өскелең ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға сеп болып, оларды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Әсел ЕРСАЙЫНОВА,
Назгүл БАЕКИНА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушылары.