Соңғы кездері қазақ әдебиеті кеңінен насихатталып, көркем туындыларды басып шығару ісі қарқын алды. Соның арқасында жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы артып келеді. Бүгінде әдебиетсүйер қауымға «Qasym» баспа үйінің өнімдері жақсы таныс. Төл туындыларымызбен қатар әлем әдебиетін насихаттап жүрген баспа өкілдері Қызылжарға келіп, жергілікті жастарға арналған жәрмеңке өткізді.
«Qasym» баспасы бірнеше жыл қатарынан түрлі жанрдағы кітаптарды оқырманға ұсынып келеді. Кітап жәрмеңкесі жастардың жаңа әдебиеттермен танысып, қажетті туындыларды сатып алуларына мүмкіндік берді.
– Бұл көрмені өткізудегі басты мақсатымыз – жастарды кітаппен, классикалық туындылармен таныстыру. Өз өнімдеріміз арқылы кейінгі буынның бойында оқу дағдысын қалыптастыруды көздедік. Ұсынылған кітаптың ішінде уақыт сынынан өткен классикалық әдебиет те, заманауи туындылар да, балаларға арналған кітаптар да бар, – дейді баспахананың техникалық редакторы Бейбіт Ерболатұлы.
Баспа 2019 жылы ашылған. Кітап нарығына «Qasym» баспасы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабы арқылы танылды. Содан бері 150- ге жуық кітап оқырман қолына тиген. Бұл басылымдардың басты ерекшелігі, алып жүруге ыңғайлы форматта басылғаны. Алақандай кітапты қалтаға салып, кез келген уақытта оқуға болады.
– Бүгінгі жәрмеңке біз үшін қажет әрі қызықты шара болды. Кітаптың тек білім беріп қана қоймай, адамның тұлғасын қалыптастыратыны анық. Өзім де көрмені құр тамашалап қоймай, Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» кітабын сатып алдым. Бұл шығарма туралы көптеген оң пікірлер айтылып жүр. Бүгін сатып алудың сәті түскеніне қуаныштымын, – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Дамира Көпеева.
Айгерім МАРАЛОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.