«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАП ОҚЫҒАН МҰҒАЛІМНІҢ САБАҒЫ ДА МАЗМҰНДЫ

Мұғалімнің кәсіби дамуы үздіксіз білім алумен тікелей байланысты. Кітап оқу – ұстаздың ақыл-ойын қуаттандыратын, таным көкжиегін кеңейтетін, оқыту әдістемесін жетілдіруге көмектесетін маңызды құрал. Ұстаз қаншалықты көп оқыса, оның сабағы да, оқушылармен қарым-қатынасы да соғұрлым мазмұнды әрі әсерлі болмақ.

Қазіргі таңда ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығын бәсеңдетіп жіберді. Бұл, әсіресе, жас мамандар мен оқушылар арасында анық байқалады. Олардың көпшілігі өз ойын еркін жеткізе алмайды, сөздік қоры шектеулі, жазу дағдысы төмен. Мұның бірден-бір себебі – тұрақты түрде кітап оқымауы. Осы орайда мұғалімдер тек білім беруші ғана емес, оқушыларға кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын үлгі болуы тиіс.

Көркем әдебиет оқу – ұстаздың оқыту стиліне, оның оқушылармен қарым-қатынасына, эмоциялық интеллектісіне оң ықпал етеді. Әдеби шығармалар кейіпкерлерінің жан-дүниесін түсіну арқылы мұғалім оқушылардың да ішкі әлемін тереңірек сезініп, олармен тиімді байланыс орната алады. Әсіресе жасөспірімдердің мінез-құлқын, көңіл күйін, түрлі жағдайларда қабылдайтын шешімдерін түсінуде көркем әдебиеттің рөлі зор.

Сонымен қатар мұғалімдер оқыған шығармалары арқылы өз сабағына жаңа әдістемелер енгізіп, оқушыларға қызықты тапсырмалар ұсына алады. Мәселен, әдеби кейіпкерлердің шешімін сараптау, олардың эмоциясын талдау немесе тарихи шығармалар арқылы сол дәуірдің ерекшеліктерін зерттеу – сабақтың мазмұнын байытады.

Білім беру үдерісінде мұғалімдер оқушылармен бірге түрлі бағыттағы кітаптарды оқи отырып, сол шығармалар не-гізінде тәрбие жұмысын жүргізе алады. Мысалы, әр ай сайын тақырыптық кітаптарды оқып, сол бойынша пікірталастар ұйымдастыру, эссе жаздыру немесе қойылымдар қою – кітап оқуды қызықты ететін тиімді тәсілдердің бірі.

Қараша айында ұлттық мүдде, туған жер, мемлекетшілдік, ел тарихы туралы шығармаларды оқу қажет. Бұл бағыттағы кітаптарды оқу арқылы оқушылардың патриоттық сезімін оятып, ұлттық сана-сезімін нығайтуға болады. Мұғалімдер сабақтарда тарихи деректермен байланыстырып, елдік мәселелер төңірегінде талқылау жүргізе алады.

Желтоқсан айы азаматтық болмысты қалыптастыратын шығармаларға арналуы тиіс. Мұғалімдер бұл кезеңде оқушылармен бірге қоғамдағы жауапкершілік, тұлғалық дамуға байланысты кітаптарды талдап, олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруға көмектеседі.

Қаңтар айында отбасылық құндылықтар, ата-анаға деген махаббат, адамгершілік тақырыптары қамтылады. Мұғалім бұл айда оқушылармен отбасы, сыйластық, үлкенге құрмет көрсету мәселелерін көтеретін шығармалар оқып, пікір алмасу жүргізе алады.

Ақпан айын саламатты өмір салты, қоршаған ортаға қамқорлық тақырыптарына арнауға болады. Бұл кезеңде мұғалім экологиялық мәселелер, денсаулыққа қатысты көркем және ғылыми-көпшілік әдебиеттерді оқуға бағыттап, оқушыларға экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.

Мұғалімнің үздіксіз білім алуы, өзін-өзі жетілдіруі – сапалы білім берудің кепілі.  Сондықтан кітап оқу – мұғалімнің кәсіби тәжірибесін шыңдауға рухани баюға және заманауи білім беру талаптарына сай болуға септеседі.

Перизат ӘБДРЕШОВА,

 Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp