Елімізде Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаеваның бастамасымен “Ауыл кітапханаларына 100 кітап” акциясы басталды.
Акция аясында белгілі адамдар, қаламгерлер мен билік басындағылар жеке кітапханасынан немесе өз қаржысына елді мекендердегі кітапханаларға кітаптар сыйлап жатыр. Мұндағы мақсат – шалғай ауылдардағы оқырмандарға соңғы шыққан заманауи әдебиеттерді жеткізу, кітап оқу мәдениетін нығайту. Бүгінге дейін еліміздің бірнеше өңіріндегі оқырмандар жаңа кітаптар алып, ауыл кітапханаларының қоры тың туындылармен толықты. Бастамаға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова т.б. азаматтар мен ақын-жазушылар үн қосып, қолдау білдірген.
Күні кеше Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған “Алқа” әдеби клубының мүшелері жөнелткен 100 кітап Мағжан Жұмабаев ауданына келіп жетті. Елордадағы “Алқа” клубының 100 кітапты Алаш ардақтысының атындағы ауданға жіберуі бекер емес. Өйткені осыдан 100 жыл бұрын ұлт зиялылары “Алқа” шығармашылық ұйымын құрып, оның “Табалдырық” деп аталатын концепциясын Мағжан Жұмабаев жазып шыққан. Мағжанның “Табалдырығы” әдебиет пен өнерді дамытудағы ауқымды манифест саналады. Бүгінгі “Алқа” клубының мақсаты да – Мағжан Жұмабаев жасаған бағдарламаны барынша жүзеге асырып, әдебиетті насихаттау.
Аудандық кітапханаға келіп түскен кітаптарға оқырмандар дән риза. Игі іске себепші болған “Алқа” клубы енді ақынның туған жері – Сарытомар ауылына да 100 кітап сыйға тартуды жоспарлап отыр.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.