«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАП ШЫН МӘНІНДЕ ҚҰНСЫЗ БА?

Осыған дейін құндылық деп әспеттеліп келгеннің бәрі өзгеріске ұшырап жатқан заманда кітапқа деген, әсіресе, жастардың арасында, қызығушылықтың төмендеп кеткені жасырын емес. Бүгінгі жастар кітапханаға бас сұқса, мұғалімнің тапсырмасымен ғана барады. Көпшілігі электронды кітаптарды таңдайды. Дегенмен, көркем әдебиетті қолынан тастамайтын, бетін парақтап оқудан рахат табатындар арамызда әлі де баршылық екен. Теріскей жастарының “рухани қазынаға” қаншалықты үйір екенін білу мақсатымен облыс орталығындағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының табалдырығын аттаған едік.

Бір қуанарлығы, кітап алып, өткізіп жатқан оқушылар мен студенттердің қарасы қалың көрінді. Осы салада қырық жылға жуық қызмет істейтін Майра Мақышева жеткіншектер арасында кітап оқуға ынталылар бар екенін, мұндағы оқырмандар санының үш мыңға жеткенін айтты.

Он бес жастағы Әйгерім Шалабаева – кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі. Әріп танығаннан бастап кітапқа деген қызығушылығы оянған ол бүгінде 300-ге жуық кітап оқыпты.

– Біз достарымызбен бірге кітапты жарысып оқимыз. Әсіресе, демалыс күндері сүйікті шығармаларымды оқып бітіруге асығамын. Кітап сабағыма еш кедергі келтірмейді, керісінше қосымша ақпараттарды, тақырып бойынша қызықты мәліметтерді білуге көмегін тигізеді. Болашақта журналист болғым келеді, сондықтан көбіне көркем әдебиетті оқимын, – дейді ол.

Кітапханаға ересектердің де келетінін байқадық. Мектепке биыл барған кенже ұлымен бірге қызықты кітап іздеп жүрген Қанат Өмірзақовты сөзге тарттық.

– Кітап оқуды бала күннен әдетке айналдыру керек. Сол үшін балалармен бірге келіп, өзіме де алып, үлгі көрсетемін. Кітаппен шын дос болған адам бұл әсерді ғаламторға, жаман әдетке ешқашан айырбастамайды. Өз басым айына кем дегенде екі-үш кітап оқымасам, бірдеңе жетпегендей болып тұрады, – деді Қанат Маратұлы.

Жастарды кітап оқуға баулу үшін оны сәнге айналдырудың жолдарын іздеу қажет. Мысалы, бүгінде жастар арасында буккроссинг жобасы кең танымал. Оның мәні мынада: бір адам өзінің оқыған кітабын қоғамдық орындарда, мысалы, саябақта, дәмханада, көлікте, кітапханада қалдырып кетеді. Ал тауып алған адам кітапты оқыған соң оны келесісіне табыстайды. Солай жақсы кітап қолдан-қолға көшіп, біраз адамның игілігіне айналады. Бүгінде бұл шара өңір жастарының қолдауына ие болып отыр.

Кітапханаға арнайы баруға уақыты тығыз адамдар кітапты аялдамадан ала алады. Тегін. Оның үстіне, оқырман билетінің де қажеті жоқ. Облыс орталығындағы қос “ақылды аялдамада” ашылған көше кітапханалары тұрғындарға былтырғы жылдың желтоқсан айынан бастап қызмет көрсетіп келеді.

– Тұрғындар бұл үрдіске үйренді, кітап алса, орнына басқа қызықты әрі сирек кездесетін әдебиеттерді әкеліп қояды. Үйіндегі кітап қорының бір бөлігін тарту еткендер де аз емес. Қос аялдамаға алғашқыда Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қорынан түрлі жанрдағы мыңға жуық кітап қойылған болатын. Қазір кітаптардың көбі оқырманның қолында болғандықтан, нақты санын айту қиын, шамамен, екі мыңға жуықтайды, – дейді облыстық кітапхананың қорды толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі Лилия Глазкова.

Кітапқұмарлар қатарын арттыруда кітап дүкендері де едәуір үлес қосады. Ең алдымен, Абай көшесіндегі Мағжан Жұмабаев кітап үйіне бас сұқтық. Іші шағын, жайлы. Кітап қоры сұранысқа сай ұдайы жаңартылып тұратындықтан, келушілері де мол көрінеді. Әлем әдебиетіне арналған сөрелерден аса талғампаздықпен кітап таңдап тұрған Дана Тахметованы сөзге тарттық.

– Мен қалалық емханалардың бірінде мейірбике болып жұмыс істеймін. Жас маман болғандықтан, білімімді ұдайы жетілдіріп отыру үшін салалық кітаптарды оқуға тура келеді. Дегенмен, өзім көркем әдебиетті оқығанды ұнатамын. Осы уақытқа дейін оқыған кітаптарымның басым көпшілігі орыс тілінде жазылған. Қазақ жазушыларының стилі өте ауыр, сол себепті маған төл тіліміздегі кітаптарды түсіну қиынға соғады, – дейді ол.

Ал осы кітап дүкенінде жолықтырған Әлібек Шәкеевтің қазақ авторларының туындыларына деген қызығушылығы қазақтың әйгілі жазушысы, жерлесіміз Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын оқығаннан кейін ояныпты.

– Мектепте оқып жүргенімде қазақ тілі және әдебиетінің апталығы болды. Сонда сынып болып Ғабит Мүсіреповтің шығармаларын талқыладық. Басында тек жақсы баға алу үшін ғана оқи бастағанмын, бірақ артынан көптеген шығармаларын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Осы кезден бастап қазақ туындыларына деген сүйіспеншілігім артты, – дейді ол.

Біз барған дүкендерде оқырман сұранысымен қатар, кітап құнына да назар аудардық. Байқағанымыздай, жақсы деген классикалық шығармалар орта есеппен 1000-1500 теңге ғана тұрады. Қымбат емес. Бұл – материалдық құны. Ал шын мәнінде, кітап біле білгенге – баға жетпес қазына. Сатушылардың айтуынша, кітапты сыйлыққа алатындар саны аз емес көрінеді.

Жақында мен де сіңліме қызығып жүрген кітабын алып бергенмін. Ол сыйлықты ала сала суретке түсірді де, әлеуметтік желіге жүктеді. Содан соң ғана жайланып отырып, басынан бастап оқи бастады. Таңырқап тұрғанымды байқады ма: “Басқалары интернетке мағынасыз нәрселерді де салады ғой, кітабыммен бөліскеннің несі айып?!” – деп ақталып қояды. Қызығы сол, жазбаның астында қай дүкеннен алғанын, кейін оқуға бере тұруын, оқып болған соң әсерімен бөлісуін сұрағандар көп болды.

Бүгінде әлеуметтік желілерде кітапқұмарлар клубтарын көптеп кездестіруге болады. Солардың бірі – “Петропавл қаласының кітап клубы”. Жетекшісі Жұлдыз Сексенованың айтуынша, құрылғанына төрт жыл болған топтың тұрақты оқырмандары қалыптасқан. Олардың саны жыл санап артып келе жатқан көрінеді. Қатысушылар шығармаларды талдайды, өзара кітап алмасады, ой бөліседі, түрлі акциялар өткізеді.

Осыған қарап, “кітаптың қадірі қашты” деуге болмас деген ойға келдім. Бір үйде бір адам кітап оқыса, қасындағылар да еліктейді. Арнайы зерттеулер көрсеткендей, егер 4-5 жасар балаға ата-анасы күн сайын кітап оқып беретін болса, онда олар құрдастарынан даму жағынан 12 ай ілгері болады екен. Сондықтан жетілемін, дамимын деген адам үшін кітаптың пайдасы қашан да мол.

Гүлнәр ЖҰПАРБЕК,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp