Жақында Уәлиханов ауданында бірнеше нысанның тұсауы кесіліп, халық игілігіне берілді.
Осыған орай ауданның мәдени орталықтарында белсенді тұрғындар мен өнерпаздардың қолдауымен үлкен іс-шаралар ұйымдастырылды. Орталықта көпұлтты жерімізді мекен ететін ұлыстар өздерінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсетіп, тағамдарынан дәм татырды. Аудан орталығындағы №2 Кішкенекөл орта мектебінің мұражайында “Мәңгілік Ел” атты арнайы мүйіс ашылды. Оған тұғыры биік еліміздің қол жеткізген жетістіктерін паш ететін жәдігерлер мен ақпараттар қойылды. Сондай-ақ, аталмыш мектептің маңына спорт алаңы салынып, оның ашылу рәсімі де көп адамның басын қосты. Уәлихановтықтар үшін маңызды оқиға болып табылатын бұл нысанды “Шанхай Север” ЖШС дер кезінде табыс етті. Осындай мереке кезінде жүздері бал-бұл жанған тұрғындарға қарап, елдегі жағдайдың түзелгенін аңғарасың.
Ауданда жеке кәсіпорындардың саны артып, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де шешімін табуда. Осы күні салтанатты түрде бірнеше кәсіпкерліктің тұсауы кесілді. “Елмағанов” жеке кәсіпкерлігі компьютерлік техникаларды жөндеу орталығын ашты. “Бейсенов” жеке кәсіпкерлігінің ескерткіштер жасайтын нысаны бой көтерді. Ал “Мұқанов” кәсіпкерлігі техникалық қызмет көрсету стансасын жабдықтаса, Қонтарбаевтар отбасы Көктерек-Мортық-Телжан-Кішкенекөл бағытында жолаушыларды тасымалдау қызметін қолға алды. Бұл жаңа нысандардың ашылу салтанатының барлығына аудан әкімі Аман Төрегелдин қатысты.
Осылай уәлихановтықтар “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасынан қолдау табудың арқасында өз ойларын жүзеге асыруда. Аудан әкімі өз сөзінде елімізде кәсіпкерлікке үлкен қолдау жасалып отырғандығын баса айтып, өз ісін ашамын дегендерге әрқашан қолдау жасалатынын жеткізді.
Тоғжан ӘМІРИНА,
журналист.
Уәлиханов ауданы.
Уәлиханов ауданы.