
Алдыңғы буынның асыл қасиеттерін бүгінгі аруларымыз өз бойларына сіңіріп, жүзеге асырып жүргендігі белгілі. Азаматтық пен патриоттық міндетті лайықты жалғастырушы нәзік жандар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ісіне үлес қосуда. Погон таққан қыз-келіншектеріміздің қайсарлығы, жоғары жауапкершілігі мен кәсібилігі арқасында қазіргі әскери құрылыстың маңызды да күрделі тапсырмалары ойдағыдай жүзеге асырылуда. Осындай жандардың бірі – кіші сержант Нәзира Шілдікенова.
Ол осыдан сегіз жыл бұрын облыс орталығындағы №6637 әскери бөлімінің атқыштар ротасына қызметке орналасқан. Бүгінгі лауазымы – аға бақылаушы. Басшылықтың айтуына қарағанда, қызметтiң қиындығына қарамай, ерлермен иық тiрестiрiп, түзеу мекемесіндегі жағдайды бақылауда оның қызметіне қатысты бір сын айтылмапты. Сондай-ақ сотталғандар арасындағы қауiпсiздiкке тiкелей үлес қосып жүрген ару – түзеу мекемесінің мақтанышы. Бүгiнде әскери ортаның қатаң тәртiбi мен қиын қызметiне төтеп берiп жүрген арудың еңбегi еселi. Ол қоғамдық қауiпсiздiктi қырағы күзетiп келе жатқан әскери бөлiмдердiң күнделiктi тыныс-тiршiлiгiне өзiнiң тиянақты да жауапты қызметiмен алдағы уақытта да үлес қоса беретініне үмітті. Әскери қызметтегі Нәзира өзіне тапсырылған барлық учаскелерде кәсібилік пен табандылық көрсетіп, өз міндеттерінің адал орындалуына баса назар аударып, әріптестеріне үлгі-өнеге бола білуде. Жолығысу бөлмесіндегі тәртіпті қадағалау – Нәзираның негізгі міндеті. “Жауынгерлік даярлық сабақтарында, полигонда бізге ер-азаматтар қол ұшын бергісі келеді. Бірақ біз өзіміз әскери қызметші болғандықтан, өз тапсырмаларымызды өзіміз орындаймыз. Себебі, біз де олардың қатарында әскери қызметші атағына иеміз”, – дейді кіші сержант.
Ал №6637 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі екінші атқыштар ротасы командирінің орынбасары Бауыржан Ишанбаевтың айтуынша, бүгінде қоғамда ерлермен тең деңгейде еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Араларында әскери шенді нәзік жандар да жетерлік. Аталмыш әскери бөлімде қызмет ететін Нәзира сынды қыз-келіншектер өздеріне жүктелген сенімді толығымен ақтауға тырысады. Олар ерлермен тең деңгейде қызмет атқарып, көзге түсіп жүрсе керек. “Аруларымызға Халықаралық әйелдер күні мерекесінде ғана жеңілдік жасаймыз. Мұнда оларға сый-құрмет көрсету дәстүрге айналған”, – дейді Бауыржан Ишанбаев.
Кіші сержант Нәзира Шілдікенова бала күнінен әскери киім киюді армандапты. Қызметінде алғыр жан 2012 жылы үздік бақылаушы атанған. Бұдан басқа жас маман басшылық атынан бірнеше грамота мен Алғыс хаттарына ие болған.
“Талай ғасырлардан бері әйелдер сезімталдықтың, нәзіктік пен мейірімділіктің таңғаларлық қайталанбас бейнесіне айналды. Отбасының жылуы мен жарасымы, туған үйдің тыныштығы, махаббат пен сенім сияқты баға жетпес құндылықтар Ана есімімен тығыз байланысты. Мен де анамын. Қыздарымның сүйікті мамандығын таңдап, ел қатарлы азамат болғандарын қалаймын. Егер олар да әскери мамандықты таңдап жатса, бұл қалауларын шын ниетпен құптаймын”, – дейді Нәзира.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.