
Қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, алтын жауһары. Осынау төл өнерімізді облысымызда дамытып, домбырашылардың тұтас мектебін қалыптастырған белгілі ұстаз Тойкен Күдерованың сонау 1995 жылы құрған “Күдер” домбырашылар ансамбліне биыл – 20 жыл. Соған орай, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ облыстық филиалының сахнасында “Күдер” домбырашылар ансамблінің “Өнерімен өрге жүзген” атты концерті өтті.
Халықтың өнерге деген құрметі шығар, залда ине шаншар жер болмады. Шымылдық Түркештің “Көңілашар” күйімен ашылды. Қос ішекті домбыраның күмбірлеген әуені көрермендерді музыка әлеміне елітіп әкетті. Ансамбльдің орындауындағы әрбір күй көңілге қонып, бойды баурады.
Көңілдің нәзік қылын шертер музыка өнері халықтың мұңы мен шері сақтаулы сыр сандығы іспетті. Әрбір күйдің өзіндік мазмұны мен мәні бар. Әлбетте, орындаушының шеберлігі әуеннің әсерін бойға ұялатады. Ал орындаушының шеберлігі ұстаздың берген тәлім-тәрбиесіне байланысты. Педагогика саласында 35 жыл бойы қызмет етіп жүрген Тойкен Күдерованың шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік қолтаңбасын әрбір оқушысынан байқауға болады. Тәжірибелі ұстаз тума талантты алыстан таниды. Әрбір оқушысының орындаушылық шеберлігін ғана емес, әртістік қабілетін қашап шыққан Тойкен Күдерованың еңбексүйгіштік қасиетіне таңғалмасқа болмас. Талай бұлақтың көзін ашқан ұлағатты ұстаз еңбегінің жемісін мерейтойлық концерттің бағдарламасының мазмұнынан-ақ аңғаруға болады. Бүгіндері сол шәкірттер сағалы өзенге айналып, өздері де өнердің көзін ашуда. Олардың ішінде Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясы ансамблінің жетекшілері Айзада Иважанова мен Замира Оспанова, Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия оркестрінің жетекшісі Бағдат Жақыпов және Бескөлдегі “Өнер” мектебінің “Шашу” домбырашылар ансамблінің жетекшісі Берік Жанатов бар. Бұл өнер ұжымдары көрерменге А.Еңсеповтің “Балбұлақ”, Н.Бекеновтің “Балақай”, халық күйлері “Төпенкөк”, “Көкдөнен”, Курбанионның “Новои Шарк” туындыларын ұсынды.
Дәстүрлі музыка мен қазіргі заман әуендерін үйлестіріп, көрерменге ұсыну өнердегі жаңа үрдіс. Оны да “күдерліктер” тамаша меңгерген. Облыс орталығындағы өнер колледжінде Тойкен Күдеровадан дәріс алып жүрген халықаралық, республикалық додалардың жеңімпазы Әсет Ерман Н.Бекназаровтың “Цыганская венгерка” музыкалық шығармасын әдемі орындап шықты. Әсет Әбдірахмановтың күй атасы Құрманғазының “Төремұраты” жүректің қылын қозғады. Ал Тойкен Күдерованың шоқ жұлдыздары қос Әсеттің дуэт болып орындаған Айтқали Жайымовтың “Шаттанамын” күйі көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Туған күн иелеріне тамаша тартуын ұсынған “Әлқисса” фольклорлық ансамблі Тоғжан Жахинның “Алтын Алтай” атты шығармасын орындады. Айта кету керек, бұл күйдің авторы да Тойкен Күдерованың тәлім-тәрбиесін көрген домбырашы екен.
Мерейтойлық концерттің көркі, әрине, “Күдер” домбырашылар ансамблі орындауындағы күйлер болды. Ұстаздың облыстық филармонияда, мектептерде, өнер колледжінде қызмет етіп жүрген барша шәкірттері “Күдер” ансамбліне қосылғанда сахнаға сыймай кетті.
Өнер адамы үшін көрерменнің ыстық ықыласынан артық ештеңе жоқ. Биік өнер жолында сан саңлақты үлкен сахнаға шығарған Тойкен Күдерованы құттықтай келген азаматтар оған жылы лебіздерін арнады. Бірі оны ұлағатты ұстазға теңесе, бірі қазақтың батыр қызынан кем көрмеді. “Күдердей” ансамбльді, қос Әсеттей домбырашыларды, талай байқауларда топ жарып, қамшының сабындай қысқа өмірінде екі ішекті домбырамен облысымызды дүйім жұртқа танытып үлгерген Думан Күдеровтей шебер орындаушыларды тәрбиелеп шыққан Тойкен Күдерованың еңбегін халық қалай бағаласа да, артық емес. Өнер жолында тыным таппай, төл музыкамызды дамытып жүрген ұстаз бар мақтауға лайық. Ал “Күдер” ансамблі “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Тойкен Күдерованың өнердегі талпынысының биігі іспетті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.