«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮДІКТІЛЕР САНЫ КӨБЕЙДІ

Петропавл қаласындағы түнгі клубта болған төбелестің салдарынан қаза тапқан баскетболшы Игорь Нанаевтың өліміне кінәлі ретінде ұсталғандар саны төртеуге жетті. Облыстық ішкі істер департаментінде өткен кезекті брифингте құқық қорғау органдарының басшылары осы қылмыстық істің тергелу барысы жайлы хабардар етті.

Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләловтің мәлімдеуінше, сотқа дейінгі тергеу барысында 21 жастағы күдікті ұсталып, Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалған. 80-нен астам куәгерден жауап алынып, түнгі клубтың бақылау камерасының бейнематериалдары зерттелген. Кейін осы іске қатысы бар деген күдікпен тағы 3 азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Күдіктілердің екеуі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды, біреуі – колледж студенті, біреуі – жұмыссыз. Оқиға орын алған түні клубта 300-дей адам болса, жартысы алкогольдік ішімдік пайдаланған.

– Қаза тапқан азаматтың отбасына, жақындары мен туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл істің анық-қанығына көз жеткізіп, кінәлілер жазаға тартылатын болады, – деді Берік Сұлтанғазыұлы.

Тергеудің алғашқы күнінен бастап қылмысқа қатысы бар азаматтар мен оқиғаны растайтын нақты мәліметтер қарастырылуда. Күдіктілерге қатысты белгіленген сараптамалар нәтижесі мен іске қатысты барлық мәліметтерді есепке ала отырып, нақты шешім қабылданады.

Күдіктілердің бірінің полиция қызметкеріне туыстық қатынасы бар деген ақпарат тараған болатын. Берік Біләлов бұл іске қатысы бар төртеудің біреуінің әкесі бұрын құқық қорғау органдарында қызмет атқарғанын, бірақ қазір істемейтінін, оның үстіне, ата-анасы ажырасып, күдікті көп жылдар бойы анасымен тұрып келгенін айтты.

– Қылмыстық іске қатысты азаматтар кісі өліміне соқтырған ауыр дене жарақатын салғаны және бұзақылықтары үшін тиісті жазадан қашып құтылмайды, – деді облыс прокуроры Степан Зайтлер.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp