Облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы)
бастығының бірінші орынбасары Жандос Ахметовты қылмыскерлер департамент басшысымен шатастырып өлтірген. Облыстық соттың баспасөз қызметі осындай мәлімет таратты.
“СҚО қылмыстық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот өндірісіне А.Б.Джамалиев, П.П.Ковалев, Б.М.Хукиевті айыптауға қатысты қылмыстық іс келіп түсті. Тағылған айыпқа сәйкес 2007-2013 жылдар аралығында қылмысқа тапсырыс беруші облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығын қаскөйлікпен өлтірмекші болады. Оған қатысты іс жеке жүргізілмек” делінген хабарламада.
Осылайша тапсырыс беруші адам өлтіру туралы А.Джамалиевке ұсыныс жасайды. Джамалиев бұл қылмысты жүзеге асыру үшін басқа адамды жалдайды. Қаскөйлер қаржы полициясының бастығын бірнеше жылдан бері аңдып келген.
Алдын ала тергеу болжамы бойынша А.Джамалиев Ж.Ахметовты департамент бастығымен шатастырған. Сөйтіп, өткен жылдың 24 желтоқсанында Петропавлда өз үйінің кіреберісінде Ж.Ахметов қылмыскердің қолынан қаза тапқан болатын.
(Өз тілшімізден).