«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЗГІ ОРАҚ ҚЫЗҒАН ШАҚ

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданын­да болды. Облыс әкімі орақ науқанының барысымен, тауарлы-сүт ферма­сының құрылысымен және жол жөндеу жұмыстарымен танысты.

Бүгінде аудандағы 312 мың гектар егіс алқа­бының 35 пайызынан өнім жиналған. Жоғары технологияларға иек артқан шаруалар мол өнім алып отыр. Мұнда алқаптарды химиялық өңдеу, зиянкестермен күрес, сұрып жаңарту және ми­нералды тыңайтқыштар енгізу көрсеткіштері артқан.

– Шаруаларды қаржыландыру шарасы алда­ғы қараша айында басталады. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сай енгізілген жа­ңашылдық. «Даму» қоры диқандарға берілетін қаржының 85 пайызына дейін кепілдендіреді. Бұл – үлкен қолдау, – деді Ғауез Торсанұлы.

Өңір басшысы жамбылдық шаруалармен кез­десу барысында астықтың көлемімен қатар сапа­сына да мән беру керектігін айтты. Жазда шуақ­ты күндердің аз болуы алтын дәннің сапасына кері әсер еткен. «Шатило және К» серіктестігінің директоры Олег Адамның сөзінше, еуропалық сұрыпты бидайдан алған өнімнің көбі төртінші сыныпты. Олар отандық сұрыптарды оруға әлі кіріспеген. Былтыр гектарынан 29 центнер өнім жинаған диқан биылғы көрсеткіш одан да жоға­ры болуы тиіс екенін жеткізді.

Ауданда тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жоба былтыр тамызда қолға алынған. Жоспарға сай мұнда жылына 2 мың тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік бар.

– Құрылыста 20 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Нысанды биыл пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Бүгінге дейін жобаның бірінші кезеңі аяқталды. Екі апта бұрын екінші кезеңін бастадық. Құны – 2,5 млрд. теңге. Ке­шенге алғашқы ірі қара 20 қазанда әкелінеді, – дейді «ЮГВА» серіктестігі директорының орын­басары Даниил Семенов.

Ғауез Торсанұлы Мамлютка-Қостанай бағы­тындағы жолды жөндеу барысымен танысты. Биыл бұл жолдың 63 шақырымы ретке келтірі­леді. Мердігерлердің айтуынша, тиісті жұмыс­тың жартысы аяқталған. Жоба құны – 7,5 млрд. теңге. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы­ның директоры Талғат Смағұловтың сөзінше, жұмысшылар күніне 2 шақырым жолға асфальт төсеп үлгереді. Мамлют, Жамбыл ауданының аумағымен өтетін жолды екі бригада жөндеп жа­тыр. Өңір басшысы жол жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстап, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp