«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЗДЕ ҚОНЫСТОЙЛАР КӨБЕЙЕДІ

 

 

Үстіміздегі жылдың соңына дейін Петропавл қаласында 185 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, бір мыңнан астам пәтер пайдалануға берілуі тиіс. Бұл көрсеткіш былтырғы жылға қарағанда 32 пайызға жоғары. Көзделген жоспар салынып жатқан 11 тұрғын үйдің құрылысы уақтылы әлі толықтай аяқталған кезде орындалады. Бұрнағы күні осы мәселенің мән-жайын Ерік Хамзаұлы көзімен көріп, құрылыс барысымен танысты.

Әкім бағыт алған нысандардың басым бөлігі “Береке” шағынауданында орналасқан. Өңір басшысы ондағы №2 құрылыс алаңында болып, сол жерде жұмыс жүргізіп жатқан үш мердігер компанияның басшыларымен кездесті. “Основание”, “ПМК-5”, “Стройкомпания” ЖШС-лері мемлекеттік тапсырыс бойынша 55, 75, 90 пәтерлік үш ғимараттың құрылысын ақпанда қолға алған, олардың тапсырылу мерзімі қыркүйек айына белгіленген болатын. Бүгінгі таңға дейін олар жұмыстың 90 пайызын орындаған. Құрылысшылар көп кешіктірмей нысандарын тапсырмақшы. Құрылыс алаңында 300 адам еңбек етуде. Аталмыш шағынауданда салынып жатқан тағы бір нысан – 80 пәтерлі тұрғын үй. Қыркүйекте тапсырылуға тиісті бесқабатты ғимараттың құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін бірінші қабаттан жоғары көтерілмеген. Бұл көрініске көңілі толмаған өңір басшысы мердігер компанияға құрылыстың қарқынын күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, Ерік Хамзаұлы облыс орталығындағы Ж. Қизатов және Юбилейная-Симашко көшелерінің бойындағы бес тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты. Оның екеуі техникалық қадағалаудан өткен. Ондағы 198 пәтердің кілті жақын арада өз иелерін табады.

Сол екі үйге қатарластыра тағы екі ғимаратты “Основание” мен “Дорстройтрест” компаниялары салып жатыр. Олардың да жұмыс қарқыны жаман емес, тапсырысты жоспарлы мерзімде аяқтамақ. Өңір басшысы Ж. Қизатов көшесіндегі тоғызқабатты тұрғын үй құрылысына да соқты. Бұл – 2008 жылдан бері бітпей тұрған үй. Бірінші мердігердің жұмыс сапасы сын көтермей, нысан техникалық қадағалаудан өтпей қалған. Бүгінде сол үйдің тірек-қаңқасы қатайтылып, қайта салынуда. Құрылыстың барысымен танысқан облыс әкімі мердігер компанияның жұмысына жоғары баға берді.

Одан әрі Ерік Сұлтанов “Зооветснаб” ЖШС-і мен дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейіне соқты. “Зооветснаб” ЖШС-нің директоры Владимир Притчин өңір басшысын кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жекеменшік кәсіпорында сала бойынша 1500-ден аса тауар түрі бар. Қала ішінде екі дүкен және ветеринарлық қосын жұмыс істейді. Серіктестік отандық және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде өндірілген ветеринарлық дәрі-дәрмектер мен үй жануарларын өсіруде пайдаланылатын бұйымдар сатады. Өңір басшысы кәсіпорын әкімшілігінің еңбеккерлерге арнап жасаған спорттық жаттығу залын көріп, оған көңілі толды. Мұнда 25 адам еңбек етеді екен. Өңір басшысының дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейіне бас сұғуының себебі бар. Білім ошағы биыл жаңа орынға көшірілген болатын. Мектеп-лицей әкімшілігі жаңа ғимаратта жұмыстары ойдағыдай жалғасып жатқандығын жеткізді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp