Өңірде күздік дақылдарды жинау толығымен аяқталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сәйкес, жалпы ауданы 3,1 мың гектар алқаптан 9,2 мың тонна өнім алынып, орташа түсім 29,3 центнерді құраған. Бұл көрсеткішке Шал ақын, Айыртау, Қызылжар және Мамлют аудандарының диқандары елеулі үлес қосты.
Күздік бидай 1,6 мың гектардан жиналып, 5,8 мың тонна өнім берді, әр гектардан орта есеппен 36,2 центнерден алынды. Ал қамбаға құйылған күздік қара бидайдың мөлшері – 3,4 мың тонна. Оның өнімділігі 22,6 центнерді құрады.
Биыл күзде өңір диқандарына 4,3 миллион гектар егіс алқабынан алтын дәнді жинап алу міндеті жүктеліп отыр. Оның ішінде 3 миллион гектарға дәнді дақылдар егілсе, шамамен 1 миллион гектарға майлы дақылдар орналастырылған. Диқандар мол өнім күтіп отыр. Бұл – егістік алқаптарын әртараптандыру, әлеуметтік маңызы бар дақылдардың көлемін арттыру, 340 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу, тұқым сапасын жақсарту мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту сияқты кешенді дайындық жұмыстарының нәтижесі.
Өңірдегі элеваторлар да жаңа өнімді қабылдауға толық дайын. Бұл диқандардың еңбегін еш етпей, алтын дәнді сақтауға мүмкіндік бермек.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».