
Өңіріміздегі жеке меншік күзет агенттіктерінің қызметкерлері жыл басынан бері өздері күзететін нысандарда 22 қылмыстың алдын алып, 240 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Тәртіп сақшылары олармен ынтымақтастыққа аса мән береді. Сондықтан 29 қазан күні күзетшілердің кәсіби мерекесіне орай полицейлер шағын футболдан турнир ұйымдастырып, оларға спорттық сыйлық жасады. Жарысқа қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып жүрген 8 кәсіпорынның командасы қатысты. Олардың әріптестері мен ардагерлер жанкүйер болу үшін арнайы келді.
“Облыстың күзет ұйымдары жақсы көрсеткіштері үшін Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция департаменті тарапынан ұдайы ынталандырылып отырады. Алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтатын осындай спорттық шараларды жиі өткізетін боламыз”, деді облыстық полиция департаментінің күзет қызметін бақылау жөніндегі бөлімінің бастығы Самал Қасенова.
Тартысты өткен ойын нәтижесінде “Тарлан-Сарбаз” ЖШС филиалы бірінші орынға ие болды. “Барыс” және “Намыс” агенттіктері екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Басқа қатысушыларға “Жеңіске деген құлшынысы” үшін грамоталары табыс етілді. “Барыс” агенттігінің қызметкері Рафхад Қанапия “Үздік шабуылшы” атанды. Жеңімпаз команданың ойыншысы Роман Құрманбаев “Үздік қақпашы” деп танылды.
Бүгінгі күні облыс аумағында 111 жекеменшік күзет кәсіпорны жұмыс істейді. Онда жұмыс істейтін 1655 адам 6 мыңға жуық нысанды күзетеді. Күн сайын 9 фирма жедел топтарын қала көшелеріне патрульге шығарады.