Сенбі күні қаламыздағы М.Жұмабаев көшесінде кезекті “Өңір берекесі” жәрмеңкесі болып өтті. Оған Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Шал ақын, Тайынша аудандары және облыс орталығынан жиырмаға жуық түрлі ұқсату кәсіпорындары қатысты. Бұл жәрмеңкені бұған дейін өткізілгендерімен салыстырсақ, қара малдың еті көп болды.
– Екі шатырда сенбі сайын сауда жасап келеміз. Сауда орнында таңертең ертелете, сағат 7 кезінде боламыз. Тұтынушыларға сиыр еті ұсынылады. Бағасы 760 теңгеден 940 теңгеге дейін. Орташа алғанда 830 теңгеден айналады. Қой еті де жоқ емес, килограмы 1 мың теңгеден, – дейді Мир көшесі бойында орналасқан “Норд-Азия” сауда үйінің әкімшісі Елена Кирина.
Есіл ауданы тіккен 3 шатырда да әжептәуір кезек. Қара малдың еті қызу сатылып жатыр. Көрші орналасқан Аққайың ауданының шатырларында да сондай көрініс.
Күздің келіп жеткенін құс етінің жеткілікті болғаны да аңғартқандай еді. Қаз етінің бір килограмы 1200 теңге болса, үйрек, тауық еттерінің бір килограмы 800, 1000 теңгеден сатылды.
Көкөніске келсек, бұл жолы қоларба сүйрегендер пияз бен картопты қабымен әкетіп бара жатты.
“Өңір берекесі” жәрмеңкесіне қаланың ұқсату кәсіпорындары 3,5 миллион теңгенің өнімдерін әкелсе, көкөністің өзі 2,5 миллион теңгені құраған.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.