Солтүстік Қазақстан облысы бойынша саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған “Депрессия: кел, сөйлесейік” деген тақырыппен ойын түріндегі кездесу өтті.
Депрессия дегеніміз не? Ол – үнемі уайымдау және өмірге қызығушылықты жоғалту, сондай-ақ, кемінде екі апта бойы күнделікті істерді орындай алмауды сипаттайтын ауру. Депрессиядан зардап шегетін адамдарда мынадай белгілер байқалады: қуаттың жетіспеуі, тәбеттің төмендеуі, ұйқышылдық немесе ұйқысыздық, алаңдау, зейіннің төмендеуі, мазасыздық, өзін мүсәпір, кінәлі немесе шарасыз сезіну, сондай-ақ, өзіне зиян келтіру немесе өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойлау. Депрессиядан барлық жастағы адамдар, барлық халық тобы зардап шегеді. Ең ауыры депрессия адамның өз-өзіне қол жұмсауына әкеп соғуы мүмкін. Қазір 15-29 жас аралығындағы адамдардың өлім-жітімінің екінші негізгі себебі депрессия болып отыр. Депрессияның алдын алуға және емдеуге болады. Өзіңіз сенім артқан адаммен әңгімелесу депрессиядан айығудың бірінші қадамы болуы мүмкін.
Өңірімізде Дүниежүзілік денсаулық күніне арналған шара осымен екінші рет өткізіліп отыр. Биылғы атаулы күнді қатысушылар ойын түрінде атап өтті.
– Былтыр “Зика” вирусына қарсы “дөңгелек үстел” отырысын өткізгенбіз. Онда жастар жиналып, бұл тақырып төңірегінде біраз әңгімелескен еді. Биыл депрессия жөнінде студенттермен кездесіп отырмыз. Қазіргі таңда жасөспірімдердің жиі күйзеліске түсетіндігі жасырын емес. Осы шарада одан арылудың жолдарын талқылаймыз. Бүгінгі жиынға қаламыздағы 6 колледжде білім алатын ұл-қыздар қатысып отыр, – дейді “СҚО бойынша саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы” ЖШС директорының орынбасары Инна Калимбет.
Сайыс алты тапсырмадан тұрды. Студенттерге берілген алғашқы тапсырма – Дүниежүзілік денсаулық күніне арнап өздерінің эмблемаларын салу. Бұл тапсырманы 6 топқа бөлінген жастар 10 минуттың ішінде орындап шығулары керек.
Келесі сайыста қатысушылар жүйкесі жұқарған қыздың жағдайын талқылады. Олар өзара пікірталас ұйымдастырып Анеля есімді бойжеткенге күйзелістен шығуға көмектесті. Сонымен қатар ойынға қатысушылар мен қонақтар “Депрессия тоқта” акциясына қатысты.
Сайыс соңында қазылар депрессия тақырыбын жетік білетін Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттеріне – бірінші, өнер колледжіне – екінші, медициналық колледжге үшінші орынды берді.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.