Полицейлер түсініксіз жағдайда күйік алған 23 жастағы жігіттің өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға 19 қараша күні Бескөл ауылында болған. Петропавлдың 23 жастағы тұрғыны төрт досымен бірге жеке тұрғын үйлердің бірінде сауық құрған. Жолдастарының айтуынша, сол күні таңертең ол пештің жанына темекі шегуге кеткен. Біраз уақыттан кейін ол жерден отқа оранған күйі атып шыққан. Достары оны сөндіріп алып, бірден жедел жәрдем қызметін шақырған. Ал от жағатын орыннан еріткіш заты бар жанып жатқан канистрді тапқан. Зардап шеккен жігіт аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Ол сол күні кешке жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша енгізілді. «Сот-медициналық және өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Істің мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.