«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЙІК ШАЛДЫ

Елімізде өндірістік жарақаттардың алдын алу бағытын­да жұмыстар жүргізіліп жатса да, оқыс оқиғалар орын алуда. Жуырда Петропавлдағы жылу-электр орталығының қазандық машинисі жұмыс барысында күйік шалып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

№3 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің дәрігері Мейрам Оспановтың айтуынша, зардап шегуші емдеу мекемесіне 7 қаңтар күні кешкі сағат 9-да түскен.
– Науқас өндірістік жарақат алды. Кәсіпорындағы күлдің үстіне құлаған оның денесінің 80 пайызы күйіп қалған. Қазір ол интенсивті терапиядан өтуде, – деді дәрігер.
Жылу-электр орталығы бас инженерінің міндетін атқарушы Вадим Ягодин атап өткендей, жұмысшы қазандықтан күл шығару кезінде зардап шеккен. Қазіргі таңда “Севказэнерго” акционерлік қоғамының мамандары науқасқа қажетті дәрі-дәрмек сатып алу және қан тапсыру бойынша көмек көрсетуде.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Кайрат Пішенбаев атап өткендей, аталған факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізілетін болады.
– Еңбек кодексінде көрсетілгендей, жұмысшының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнына құқығы бар. Сондай-ақ, ол өзі де еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, қағидалардың және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға тиіс. Олардың міндеттері мен құқықтарын айқындайтын құжат – еңбек шарты. Егер келеңсіздіктер орын алса, әр тарап аталмыш шартты негізге ала отырып өз құқығын қорғайды, – деді басқарма басшысы.
Өткен жылдың 11 айында мемлекеттік еңбек инспекторлары облыстың 408 кәсіпор­нын тексеріп, еңбек заңнамасын бұзу­дың 702 фактісін анықтаған. Кемшіліктердің дені еңбек қатынастарына, қа­уіпсіздік және еңбекті қорғауға қатысты болды. Нәтижесінде 179 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға 26,9 млн. теңге көле­мінде айыппұл салынған.

 

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp