«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЙ ОЙНАЙДЫ ҚАНЫНДА

Қазақ халқының болмысын, бүкіл жан дүниесін өнердің қай түрі айшықтап бейнелей алады десек, ең алдымен, ойымызға күй келеді емес пе?! Күйі бар халықтың сезімі сергек, ойы ұшқыр, жан дүниесі өте бай екеніне күмән жоқ. Кешегі Сүгір, Ықылас, Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина, Байсерке сынды ұлы күйшілер екі шекті қара домбыраға қазақтың бар мұң-зарын сыйғыза білген.

Осы бабаларымыздың жолын жалғап, киелі домбыраның құлағында ойнап жүрген жастардың бірі – биыл екінші рет ұйымдастырылған “Мен – қазақпын!” халықаралық мегажобасының облыстық кезеңінде топ жарып, Астана қаласында өнер көрсеткен күйші Бәйімбет Құбайдола.

– Күйшілік екінің бірінің басына қона бермейтін киелі өнер ғой. Осы салада жүрген жандардың көбі: “Өнер әкемнен, анамнан, аталарымнан дарыды”, – деп жатады. “Әу демейтін қазақ жоқ” демекші, менің де әкем той-томалақтарда, шағын жиындарда ән салғанымен, отбасымызда өнер жолын таңдағандар жоқ. Ауылда мектеп қабырғасында оқып жүргенде түрлі байқауларға қатыстым. 2009 жылы облыс орталығындағы өнер колледжіне оқуға түскенде өнерге, өнер адамы болсам деген арманыма бір табан жақындай түскендей болдым, – деп бастады әңгімесін Бәйімбет.

Оқуға қабылданғанда, құшақ жайып қарсы алған, дарынды жасты өнерге баулып, қазақтың киелі домбырасын алғаш қолына ұстатқан ұстазы Майра Сапарқұлова. Алты жыл бойы білікті ұстаздан дәріс алып, өнер жолында талай биіктерді бағындырды. Солардың ең ауқымдысы – үстіміздегі жылдың тамыз айында Астана қаласында өткен “Мен – қазақпын!” жобасы. Еліміздің түкпіртүкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнада тоғыстырып, еліміздің әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеуді, атадан-балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз күй, жыр-термені дамытып, заманға сай жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттауды көздейтін сайыста өңіріміздің атынан терме айтудан Мейрамгүл Здуалиева, дәстүрлі ән орындаудан Еркебұлан Қарыпов және күй тартудан Бәйімбет Құбайдола сынға түскен болатын.

– Жоба туралы естіген кезде бағымды сынап көргім келді. Жолым болып, облыстық іріктеу кезеңінен өттім. Елордамыз Астана қаласында өңіріміздің намысын қорғауға мүмкіндік берілді. Бұл жобада Әшімтай Қарымсақұлының “Қоңыр қаз” күйін орындауды жөн санадым. Бізге Айгүл Үлкенбаева, Қатимолла Бердіғалиев сияқты өнердің жілігін шағып, майын ішкен аға буын төрелік етті. Астанадағы “Шабыт” университетінің ұстаздары, басқа да тәжірибелі азаматтар қатысып, өнерлерін ортаға салды. Жүлдегер атанбасам да, облыс намысын абыроймен қорғадым деп айта аламын. Қазылар алқасының жанашырлықпен айтқан сөздері мені жігерлендірді, – дейді өнерпаз жігіт.

Бәйімбет бұған дейін басқа да байқауларда биіктен көрінгенін айта кеткен жөн. Ең алғаш Ресейдің Омбы қаласында “Сібір жұлдыздарды жағады” атты халықаралық өнер жарысына қатысқанын ерекше тебіреніспен еске алды. Аталмыш додада Сүгірдің күйі “Шалқыманы” және Құрманғазының “Төремұратын” орындап, қазылар алқасының жоғары бағасын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Екі елдің көршілес облыстарынан қатысқан жиырмадан астам үміткердің арасында бағы жанып, бірінші орынды иеленді. Сайыстың одан кейінгі кезеңі Новосібір қаласында өтіп, онда екінші орын бұйырған.

Бүгінде талантты өнерпаз Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетеді. Астана, Алматы, Өскемен, Семей, тағы басқа қалаларда болып, түрлі шараларға қатысып жүр. Мәселен, биыл Астананың 20 жылдық мерейтойына орай елордамызда өткен концертке және Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндеріне қатысуға мүмкіндік алған.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де музыка мамандығы бойынша соңғы курста оқып жүрген Бәйімбет – шәкірт тәрбиелеп, оларға киелі аспаптың қадір-қасиетін ұғындырып жүрген ұстаздың бірі. Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияда өскелең ұрпаққа өнердің қыр-сырын үйретуде. Оның айтуынша, оқушылардың домбыраға деген қызығушылығы ерекше. Бұл, әрине, қуантады. Қазіргі таңда аталмыш білім ордасында домбыра сыныбына қатысатын он балаға сабақ береді. Өнерге деген қызығушылығының арқасында аз ғана уақыттың ішінде өрендер бірқатар жетістіктерге жетіп те үлгерген. Мәселен, үш өрен былтыр облыстық “Қорқыт және Орфей” өнер додасында бақтарын сынап, үшінші орынды иеленген. Ал жақында Абай Тайыр есімді талапкер республикалық “Ақжелен” өнер додасында үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орынды жеңіп алды.

– Өңірімізде өзіміз сияқты талай жасқа жол сілтеп, өнердегі бағын ашқан Тойкен Күдерова, Шайтас Айтбаева сынды ұстаздардың еңбегі зор. Олардан үлгі аламын. Ең алдымен, шәкірттердің өнерге деген қызығушылығын, құлшынысын арттырудың маңызы зор. Сонда ғана олар күй өнеріне ерекше ынта қоя бастайды. Бұл үшін сабақ барысында домбыраның құлағында ойнап қана қоймай, қазақ даласында өмір сүрген небір дәулескер күйшілердің өмір жолдарын, шығармашылық мұрасын мәйекті мысалдар арқылы әңгімелеуге тырысамын, – деді Бәйімбет.

Жас күйші алдағы күндері Қарағанды қаласында өтетін Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы дәстүрлі сайысқа дайындық үстінде. Қылқобыз аспабында ойнайтын Айдос Ақылбек екеуі аталмыш додада өңіріміздің намысын қорғайтын болады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp