
Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртістері әлеуметтік желі арқылы онлайн концерт берді. Өнер ұжымының беткеұстар өнерпаздары Алла Жексенова, Мадина Рахимова, Бұлбұл Рамазанова, Ринат Балғабаев пен Жайнагүл Темірханова танымал туындыларды нақышына келтіре орындап, көпшілік көңілінен шықты.
Талант иелері кештің шымылдығын Нұрғиса Тілендиевтің “Ата толғау” күйімен ашып, Құрманғазының “Адай” және “Балбырауын”, Дәулеткерей Шығайұлының “Құдаша” туындыларын орындады. Өнерпаздар хакім Абайдың 175 жылдығына орай ақынның бірнеше танымал әндерінен попурри ұсынды. Оркестрдің бас дирижері, Мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуровтың айтуынша, шектеу шараларының жалғасуына байланысты ұжым әртістері алдағы уақытта да шағын топ болып өнер көрсетуді жалғастыра бермек.
“Біз осы жолы оркестрдің белді домбырашылары мен өзге де өнерпаздарының шағын концертін бердік. Келесі кезекте қобызшыларымыз кеш өткізетін болады. Карантин талаптарына орай үлкен ұжымдарға жұмысқа шығуға рұқсат берілген жоқ. Сондықтан біз тыңдармандарымызды әлеуметтік желілер арқылы қуантып, олардан алыстамау мақсатында бұдан былай да түрлі тақырыпта концерт ұйымдастыруды тоқтатпаймыз”, – дейді оркестр басшысы.
Бүгінде Сегіз сері атындағы оркестр өз тыңдаушысы бар кәсіби ұжымға айналды. Жиырма жылдық тарихы бар өнер ордасы халқымыздың төл мәдениетін дамытуға еңбек сіңіріп келеді.