“Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі” дейді дана халқымыз. Бір кездері Күлзира Донтайқызы да жұрт қатарлы еңбек етіп, арманының биігіне шығуға ұмтылған бойжеткен еді. Есіл ауданының Николаевка ауылынан 10-сыныпты бітірген соң Қызылжарға келген қайратты қыз батыл қадамының арқасында еңбекпен біте қайнасты. Бүгінде білім-білігі толысқан, тәжірибелі маман. 1981 жылдан бері ол облыс орталығындағы пима шығаратын фабрикада жұмыс істейді. Бар саналы ғұмырын “Петропавл – қой жүнін өңдеу” ЖШС-іне арнады. Бұл аз уақыт емес, әрине. Осы жылдар аралығында кәсіпорынның ыстығына төзіп, суығына тоңып дегендей, бір адамдай еңбек еткен маманның берекелі ісі көпке үлгі. Өзінің қарым-қабілетімен, батыл ойымен ұжымның алды бола білген іскер жанның ширақ қимылы көпшілікті сүйсіндіреді. Пиманың өлшемін жасауда оның алдына түсер жан жоқ. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуде адамгершілік асыл қасиеті де бір басқа, дейді әріптестері. Цехтағы жұмысты ұршықша үйіретін іскердің ептілігі мен шеберлігі өзінің ізін басқан жұмысшы жастарға да үлгі екені даусыз.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.