Елордада «Күлтегін» мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімі ұйымдастырылды.
Түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің ерлігі туралы баяндайтын бұл мультфильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.
«Күлтегін» мультфильмнің 2 сеансына 5 000-ға жуық бала, оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, мүгедек балалар қатысты.
Отандық анимациялық туындыларды көрсетудегі мақсат — даңқты батырлардың ерлігін, қазақ халқының мәдениетін анимация арқылы таныту, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Алдағы уақытта «Қазақконцерт» пен «Қазақфильм» ұйымдарының бірлескен бастамасы өз жалғасын тауып, QAZAQSTAN орталық концерт залында мультфильмдер және қазақ кино өнерінің басқа да озық туындылары бүлдіршіндерге тегін көрсетілмек.