«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮМБІРЛЕ, ДОМБЫРА!

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай облыстық ішкі саясат басқармасы, халық шығармашылығы орталығы мен өнер колледжінің ұйымдастыруымен “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің алдында “Домбыра-фест” жастар фестивалі өтті.

Шараны Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері, оқу ісінің үздігі, белгілі домбырашы Серікбай Құсайынов ашты. Тұңғыш рет облысымызда домбырашылар сыныбын ұйымдастырып, қазақ жастарының өнерге бет бұруына сара жол салған ақсақалдың сөзін ұйып тыңдаған ұл-қыздар ұлттық мәдениетті, бабалардан мирас болған мұраны көздің қарашығындай сақтау керектігін ұғына түсті. “Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра”, деп ақын Қадыр Мырзаәлі жырлап өткендей, бүгінгі жас ұрпақ ұлттық өнерді осылайша бағалап жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Қазақ жастарының күй өнерін дәріптеуге арналған бүгінгі шараға қатыса отырып, олардың төл мәдениетінен қол үзбегеніне көз жеткізіп, қуанып тұрмын. Мұндай жастар барда ел болашағы үшін алаңдамаймын”, – деді ардагер ұстаз.

Фестивальда түрлі облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпаздары, өнер колледжінің оқушылары мен әуесқой домбырашылар өнер көрсетті. Аслан Төкенов, Данияр Құсанов пен Марат Гайнуллин жиналғандарға күй шашу арнап, қошеметке бөленді. Концерт көпшіліктің дәстүрлі өнерге деген құрметін, есер әннен естіні ажырата алатынын дәлелдеді. Фестиваль барысында ұлтымызға жетіспей тұрған ұлттық рухты асқақтатудың бір жолы іспеттес осындай фестивальдар өңірімізде жиірек өткізілсе екен деген тілектер де айтылып жатты.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp