Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасында 22 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин айтты.
Нұрлан Серікұлы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижесінде жұмыс берушілер мен қызметкерлердің құқықтарын жан-жақты қорғауға бағытталған 22 ұсыным әзірленгенін жеткізді. 2020 жылы өндірісте 46 жазатайым оқиға орын алып, 8 адам көз жұмған. Ал 2021 жылы қабылданған шешімдердің нақтылығына күмән келтірілді. “Еңбек кодексінің 190-бабына сәйкес қызметкерлердің еңбек ету қабілетін жоғалтуына әкеп соққан әрбір жазатайым оқиға тергеп-тексерілуі тиіс. Тергеудің бұл түрі мемлекеттік инспектордың қатысуымен комиссиялық түрде жүзеге асырылады. Өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытынды алған кезден бастап жергілікті орган комиссия құрып, 24 сағаттың ішінде тексеру жүргізеді. Өкінішке қарай, комиссия қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз ете алмайтын жайттар кездеседі”, – деді Нұрлан Жахин.
Бұдан бөлек, жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесін анықтау тетігі толық көлемде әзірленбегені, зардап шегушінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау үшін комиссияның құрамына кәсіподақ ұйымының өкілін енгізу, актілерді бірыңғай есепке алу, жұмыс беруші мен қызметкердің кінәсінің дәрежесін бағалау әдістемесін әзірлеу қажеттігі атап өтілді.
2020 жылдың 2-ші және 2021 жылдың 1-ші тоқсанына арналған жартыжылдық тізімдерді жасау кезінде оған “Петропавл нан-тоқаш комбинаты”, “Жаңа-Есіл Феникс” серіктестіктері енгізілмеген. Екі мекемеде де еңбек қауіпсіздігі қанағаттанғысыз дәрежеде.
Жан АЙТМАҒАМБЕТОВ,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.