Солтүстік Қазақстан облысының демографиясы “дімкәстанып” тұр. Бұл – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық тоқыраудың салқыны мен сыртқа ағылған көштің кесірі. Соның салдарынан қазір ауылдағы мектептер оқушылардың аздығынан жабылып жатса, еңбек нарығында жұмыс күшіне деген тапшылық байқалуда.
Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің экономикалық әлеуеті зор аймақтарының бірі. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің даму қарқыны жоғары. Жер шары тұрғындарының көбеюі азық-түлікке деген сұранысты арттырды. Тіпті, “мұнайдың дәуірі өтіп, ауыл шаруашылығының күні туып келеді” деген пікірлер айтылуда. Бұл мәселеге жыл басында Солтүстік Қазақстан облыстық инвесторлар кеңесіне келген Италияның Флоренция қаласының кәсіпкерлер палатасының төрағасы Армандо Ризалити ерекше тоқталды. Бүгінде сол италиялықтар Қызылжар ауданынан жер алып, майлы дақыл өсіруге қамданып жатыр. Әлемдегі ең алып нарық иесі – Қытай да Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарында бидай мен майлы дақылдарды өңдейтін зауыттар салмақшы.
2015 жылы облыс инвестиция тарту қарқыны жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орынға шықты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өткен жылы15 жоба жүзеге асырылса, биыл тағы 12-сі кезегін күтіп тұр. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Бір ғана Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бидайды тереңдете өңдейтін зауытқа 1200 адам тартылады деп күтілуде.
Өкінішке қарай, демографиялық өсім экономиканың даму қарқынына ілесе алар емес. 1992 жылдан бері миграциялық сальдо “минустан” бір шығып көрмепті. Статистика алдамайды. Көз жүгіртетін болсақ, 1992 жылы облыс тұрғындарының саны 917 мың адам болған екен, ал 2016 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш – 569,5 мың. Ширек ғасырда санымыз 348 мың адамға азайғанын көреміз. Салыстырып қарайтын болсақ, қазір Петропавл қаласында 200 мыңға жетер-жетпес тұрғын бар, ал көршілес Көкшетау қаласында – 140 мың. Сонда екі үлкен қаланың халқына пара-пар адам көшіп кеткенін көреміз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыр тигені анық, болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келмегендер леклегімен көшті. Оның үстіне экономикалық қиындықтар туу көрсеткішін де кілт азайтып жіберді. Аналарымыз күнкөрістің қамымен ала дорбаларын арқалап, базар аралап кеткені кеше ғана. Сол себепті біраз уақыт өлім-жітім туған сәбилердің санынан артық болып келді. Нақтырақ айтсақ, 2008 жылға дейін жылына шамамен 8 мың бала туса, 9 мыңдай адам о дүниелік болыпты. Содан бері жарық дүние есігін ашқан нәрестелер саны көбейіп келе жатқаны қуантады. 2014 жылдың қорытындысы бойынша 8227 бала туса, 6851 адам қайтыс болған екен.
Соның салдары шығар, қазір облысымыздағы мектептердің 80 пайызында бала саны тапшы, жыл сайын бес-оннан жабылып та жатыр. Мектебі жоқ ауылда халық та ұзақ тұрақтай қоймасы анық. Осылайша болашағы бұлыңғыр елді мекендер көбейді. Бұдан шығатын қорытынды, демографияны көтермей экономиканы алға бастыру, әлеуметтік жағдайды түзеу қиын. Республикалық бюджет қаржысы да жан басына қарап беріледі, демек, тұрғыны азайып бара жатқан аймаққа ақша да көп бөліне қоймауда. Тығырықтан шығар жол қайсы?
Еліміздің оңтүстік облыстарында, керісінше халық тығыз орналасқан, ол жақта екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастама көтеріп, жастарды: “Жалпиып отыра бермей, жұмыс күші бар солтүстікке барыңдар”, – деп жаныған болатын. “Серпін – 2050” бағдарламасы қабылданып, бүгінде М. Қозыбаев атындағы СҚМУ мен колледждерде 600-ден астам жеткіншек білім алып жүр. Оларға бөлінетін гранттар санын жыл сайын көбейту көзделген. Жастардың өздері де оқу аяқталған соң теріскейде қалып, еңбек етуге құлшынып отыр.
Былтырдан бастап облыс оңтүстіктен бой түзеген көштің алғашқы легін қабылдады. 18 отбасы қоныс аударып, қызметтерін істеп жатыр. Балалары мектепке орналастырылған. Биылдан бастап күнгейден теріскейге көшкісі келетіндерге Үкімет арнайы квота бөлетін болды. Алайда, 2016 жылға Солтүстік Қазақстан облысына бар болғаны 101 отбасыға ғана квота беру жоспарланған екен. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ерік Сұлтанов квота санын 300-ге дейін көбейту туралы өтініш білдіргенін жеткізді.
Алыстан келетін ағайындарды қабылдауға жергілікті жерлердегі шаруашылықтар да дайын. Тіпті, кейбірі қажет баспаналарына дейін өзіміз тауып береміз деп отыр. Мысалы, Тайынша ауданына қарасты Теңдік ауылындағы “Қаратомар” ЖШС-і 6 отбасыға үй дайындап қойды, дейді телефон арқылы хабарласқанымызда ауылдық округ әкімі Рүстем Жұмағұлов.
Ал Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектің жай-жапсарын бізге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев айтып берді: “Солтүстікке көшіп келген отбасыларға бірреттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 100 мың теңгеден астам, ал отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 75 мың теңге шамасында қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек жалдамалы баспана және жұмыс тауып беріледі”, – деді.
Облысты демографиялық қиындықтан шығарудың бір жолы – осы оңтүстіктен келетін көш. Сондықтан жергілікті халық оларды жатсынбай, құшақ жая қарсы алса екен, дейді Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиев:
– Қазақ үшін кең-байтақ жеріміздің қай бұрышы да жерұйықпен тең. Сондықтан оңтүстіктегі ағайындардың солтүстікке келгеніне қуануымыз керек. Игерілмей, иесіз жатқан жерлерімізге өз бауырларымыз келіп, жеміс-көкөністерін ексе, қайта жақсы емес пе?! Ондағы қазақтар ширақ, іскер, нарықтық қатынастарға бейім келетінін білемін. Қазіргі заманда бұл қасиеттер өте қажет. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Американы мысалға келтірді. Үйі елдің бір шетінде, ал жұмысы екінші бір шетінде, барып-келіп еңбек етеді. Біздің қазақ та бір орынға байланып отырмай, қайда жұмыс бар сол жаққа баруы қажет, – дейді ол.
Еліміз тәуелсіздік ала шетелде тұрып жатқан қандастарымыз атамекенге қарай ағылған болатын. Шамамен бір миллиондай қазақ келді деген дерек бар. Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келіп, бүгінде ел қатарлы еңбек етіп жатқандары қаншама?! Демек, күңгейден теріскейге бет алған бұл көш екінші ұлы көш болмақ. Көштерің көрнекті, қонған қоныстарың құтты болсын дейміз!
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.