Абай атамыздың он бесінші қара сөзіндегі: “Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?”– деген сөйлемдер әрбір адамға қаратылып айтылған. Адамның өз-өзіне есеп беруін күнделік жазумен ұштастырған жөн сияқты. Бұрындары мектепте оқып жүргенде ұстаздарымыз күнделік жазуға баса мән беретін. Ол кезде баламыз ғой. Көп нерсенің байыбына бара бермедік. Кейін ойлансам, күнделік адамның тұлға ретінде қалыптасуына көп ықпалын тигізеді екен. Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тұлғалардың бәрі дерлік қаламгерліктің даңғыл жолына осы күнделік жазу арқылы түскені аян. Мәселен, Зейнолла Қабдоловтың, Мұқағали Мақатаевтың жүрек жазбалары араға біраз уақыт салып кітапқа айналды емес пе?
Бүгінде жастар арасында күнделік жазатындар некен-саяқ. Осыны байқаған мен оқушыларыма күнделік жазуға тапсырма бердім. Қаламды компьютер пернелеріне алмастырып, әлеуметтік желілерде пікір білдіруге әбден төселген олар көңілімнен шығатындай дүние жаза алмады. Әдебиетке әуес, кітапқа құмар бірен-саран оқушы өз ойларын, ішкі сезімдерін әдемі тіркестер арқылы жеткізе білді. Мен үшін олардың күнделік жазудың шығармашылықпен айналысумен бірдей үлкен өнер екенін ұғынғандары маңызды еді. Күнделікке өміріңізде орын алып жатқан дүниелерді: қуаныш, қайғы, махаббат, өкініш, құштарлық, жалғыздық, мұң сияқты ішкі тебіреністерді, естеліктерді, өзге түгіл, өзіңнен де жасыратын сырларды жазуға болады. Даналардың қысқа да нұсқа, салмақты ойларын түртіп қойсақ та артықтық етпейді. Осылайша, жазуға төселесің, уақыт өте келе шыңдаласың. Жастардың тәрбиесі ақсап барады деп айтамыз. Оларды түзу жолға салатын – отбасы мен қоршаған ортасы. Ендеше, әрбір ата-ана, ұстаз балаларының қандай іспен шұғылданып жүргеніне баса мән беріп, дұрыс бағыт-бағдар сілтесе болашақта өз жемісін бермей қоймайды.
Гүлайна ӘШІРБАЕВА,
Мамлютка қазақ-мектеп
интернатының мұғалімі.