Сырлы үнімен, сан қырлы талантымен талғампаз көрерменнің жүрегін жаулап, қазақ театр өнерінде өзіндік орнын қалыптастырған актрисалардың бірі, жерлесіміз – Күнсұлу Шаяхметова. “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” дегендей, жастайынан сөз өнеріне, сахнаға жаны құмар сахнагер театр, кино мен телебағдарламаларда жарқырай көрініп, бүгінде дубляж саласының санаулы мамандарының біріне айналды. Қазақ сахнасының саңлағы Бикен Римовадан бата алып, қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында “тұсауы кесілген” актриса редакциямызда қонақ болып, өмірдегі, өнердегі сырымен бөліскен болатын.
– Күнсұлу Тұрғынбекқызы, сіз бірнеше кинокартиналарға түсіп, түрлі қойылымдарда ойнадыңыз. Жүргізушілік және дубляж жасау өнеріңіз де жұртқа мәлім. Қабілетіңіздің шыңдалуына туған жеріңіз, айналаңыздағы адамдар әсер еткен болар. Әңгімемізді өзіңіздің туып-өскен ортаңыздан, өнер жолындағы тәлімгерлеріңізден бастасақ.
– Ерке Есілдің бойында орналасқан шөбі шүйгін, ауасы жұпар Тауағаш ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Әкем ерте дүние салып, анам мені облыс орталығындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатқа оқуға берді. Сол алтын ұя шыншыл, адал болуды үйретті. Интернатта оқып жүргенде Семей театрында ұзақ жылдар бойы қызмет істеп, кейін бізге сабақ берген Ғалиақбар Жолдасбаев деген ұстазымнан актерлік шеберліктің қыр-сырына қанық бола бастадым. Өмірде де, өнерде де ақылшым болып жүрген ұстазым Күләш Рахметоваға да алғысым шексіз. Бойымдағы әдебиетке, көркем-сөзге, театрға, жалпы табиғатқа деген сүйіспеншілігімді оятқан бір адам болса, ол осы – Күләш апайым. Күмістей жалтыраған аппақ қар бейнеленген суреттерді журналдардан қиып алып, аппақ қағазға ерінбей жапсырып: “Мынадан нені көріп тұрсыңдар? Бұл неге жылтырап тұр? Қалай ойлайсыңдар?” – деп сұрағанда, бала қиялымызбен жарыса жауап беретінбіз. Ұстазымыздың “Адал бол! Біреудің ала жібін аттама! Үнемі қабырғаңмен кеңес!” деген тәлімін бойымызға сіңіріп өсуге тырыстық. Жастарға ақыл-кеңесін айтудан жалықпаған Бикен Римова, Фарида Шәріпова, Ғазиза Әбдінәбиева, Шолпан Жандарбекова, Лидия Кәденова сияқты апаларымыз сахнаның сәні еді ғой, шіркін! Осындай бекзат апаларым сияқты мен де талай асуларды бағындыруға талпынып келемін.
– Сіз бір сұхбатыңызда “Мені ешкім актриса болады деп ойлаған жоқ” депсіз. Екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бұл салаға кездейсоқ келмеген боларсыз?
– Мен мектепте үздік оқушылардың бірі болдым. Бірақ жоғары сыныптарда оқып жүргенде түрлі қоғамдық шараларға жиі қатысуымның себебінен болар сабақ үлгерімім нашарлап кетті. Сол кезде мектеп оқушылары арасында жиі өткізілетін “Парасатты Әйгерім”, “Есіл жұлдызы”, “Қыз сыны” сияқты байқауларда мектеп атынан бақ сынап, жүлделі орындардан көрінгенім бар. Түрлі іс-шараларға мектеп басшылығы үнемі мені қатыстыратын. Мектепті тамамдар кезде алгебра пәнінен емтиханда “төрттік” баға алғаным бар. Бірақ мектеп басшылығы қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімді ескеріп, маған “Алтын белгі” беруді ұйғарды. Мен ұстаздарымның бұл шешіміне қарсы болып, сол кезде директор болған Жақсылық Ғалиев деген ағамызға барып, “шын бағамды қойыңыздар” дедім. Ол кезде менің актриса болатыныма ешкім сенген жоқ. Мынадай бір сәт есіме түсіп отыр. Интернат жатақханасының терезелерінің алды кең болатын. Терезенің алдында отырып, ән шырқайтынмын. Интернатта ата-анаңды жылына екі-ақ рет көресің. Асханада Галя мен Күлкәш есімді аспаздар болды.
– Мен бүгін піскен жұмыртқа жемей-ақ қояйын, сіз оны сақтап қойыңызшы, аптаның соңында аламын, – деймін оларға.
– Сен оны қайтпексің? – дейді тамақ пісіретін әйелдер.
– Торт пісіріп үйренгім келеді, – деймін бұртиып.
Ақыры сол екі жұмыртқаны аптаның соңында аламын. Сосын әрқайсымызға 200 гр. сарымай береді. Оны да:
– Мен мынаған қасығымды тигізбедім. Бір апта май жемеймін. Салып қоясыз ба?! – деймін қиылып. Одан кейін қант сұраймын. Сенбі, жексенбі күндері асханаға барып, аспаздар не пісірсе, соны қайталап, өзімше көмектесуге тырысып жүретінмін. Қазір соның жемісі ғой, “Асыл арна” телеарнасында тағам әзірлеудің түрлі құпиясымен бөлісетін бағдарламаның жүргізушісімін.
– Театрда, кинода сомдаған рөлдеріңіздің қайсысы жаныңызға жақын? Солардың ішінде өміріңізге, мінезіңізге әсер еткен рөл болды ма?
– Сахнаға алып шыққан образдарымның барлығы өміріме әсер етті. Кейде өмірдің сан түрлі құбылыстарын сахнада тұрып сезінгенге не жетсін деп, өнердің құдіретіне тамсанамын. Трагедиялық образдарды көп сомдадым. Соның әсерінен бе екен, сахнада туған әпкем мен жездемнің о дүниелік болғанын естідім. Анам соңғы сапарға аттанар сәтте де кезекті бір рөлден бас тартуыма тура келді. Бірақ сахнаның адамы болған соң қаншалықты жүрегімді мұң басып, көкейімді өксік қысса да, өзіме жүктелген образды соңына дейін жеткізуге тырыстым. Маған өнерде өз жолымды табу оңай болмады. Тіпті, әлдекімдердің кесірінен бір театрдан екіншісіне ауысуға мәжбүр болған кезім де болды. Барлық жетістікке еңбегіммен, маңдай теріммен қол жеткізіп келемін. Өнерсүйер қауым осы талпынысымды бағалап, өздері “мынаны былай істесек қайтеді?” деп ұсыныс айтып жатады. Қайда жүрсем де Мағжанды, Сәбитті, Ғабитті туған киелі топыраққа тәу етіп, “Қызылжарым” деп мақтанып жүремін. Өз өңірімізден шыққан есімдері алты Алашқа мәлім мықты ақын-жазушылар аз емес. Мен, міне, солардың туындыларын дыбыстап, үлкен аудиторияға шығарғым-ақ келеді. Қызылжардың қызы деп, өнерімді бағалап, туған жерге арнайы шақыртатын жерлестерімнің табылмауы кейде жанымды жабырқататыны рас.
– Әлеуметтік желілерде қайырымдылық шараларымен айналысатыныңыз жөнінде жиі жазылып жүр. Қамқорлыққа зәру жандарды мейіріміңізге бөлеп келесіз. Бұған қандай жағдай түрткі болды?
– Қайырымдылық іс-шарасымен айналысып келе жатқаныма 20 жылдың жүзі болыпты. Мұқтаж жандарға қол ұшын созу әр адамның міндеті деп білемін. Мен қарапайым отбасында өстім. Ешуақытта дәулет қумадым. Арыста қиын жағдай орын алғанда қиындық көрген жандарға көмек беруге асықтым. Бір авторлық кеш өткізсем, соның қаржысын балалар үйіне беруді жөн көремін. Қазір әлеуметтік желі немесе теледидар арқылы өз байлығын жариялап, қымбат бағалы затымен мақтанатындардың қатары көбейе түсті. Солар неге осындай игі іспен айналыспайды екен деп кейде үлкен мұңға берілемін. Адам қашан да жақсылық жасауға жақын болуы керек емес пе? Жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған, қиын жағдайға тап болған балаларға көмектесетін көмекшілерім де бар.
– Соңғы кезде кино саласында көп көріне бермейсіз. Оның себебі не?
– Бізде қазір тек қаржы жинауды мақсат тұтқан фильмдер қатары көбейіп кетті. Сценариін алып қарасаңыз, түпкі айтатын ойы мен мақсаты жоқ. Соның салдарынан арзан күлкіге толы, болмашы тақырыптарды сағызша созатын дүниелер қаптап барады. Олардың орнына мәдениетіміз бен әдебиетімізден хабар беретін, руханиятты дәріптейтін еңбектерді көргім келеді. Бүгінгі режиссерлеріміздің арасында халқымызды бір “бейшара” күйде көрсеткісі келетін, сол арқылы қаржы табуға ұмтылатын пайдақұмар азаматтардың азаймай отырғаны қынжылтады. Сондай-ақ, қазіргі киноиндустрияда түрлі фестивальдарға орай түсірілетін фильмдер саны басым. Бұлар да тәрбиелік мәнге ие тақырыптардың орнына қоғамды азғындыққа үндейтін оқиғаларға құрылған.
Көп телеарналар да арзан дүниелерді насихаттауға басымдық беруде. Арзанға әуестік ізденіспен, актер шеберлігімен келетін комедиялық қойылымдарға деген ықыласты азайтты. Мысалы, өзім дубляж жасап жүрген өзбек киноларын алып көрейікші. Оларда ұлттық болмыс, салт-сана, сол халықтың өзіне тән мінез-құлқы, қадір-қасиеті сол қалпында сақталған. Әке мен баланың, ене мен келіннің арасында қандай да бір жанжал туған күннің өзінде сыпайылық алға шығады. Ал бізде қалай? Әртіс қыздарымыз танымал бола бастаса, жалаңаштанып, елге күлкі болады. Сондықтан кез келген адам өз артында тек сауапты істерді қалдыруы керек деп ойлаймын.
Мен үшін опера, театр және қылқалам өнері қашан да мәдениеттің ең биік шыңы болып қала бермек. Мысалы мен эстраданы бұл салаға мүлде жатқыза алмаймын. Қазақтың домбырасы мен қобызын тарта алмасақ, біз қалайша өзімізді әнші деп айта аламыз? Кейбір әріптестерімнің фонограммамен аузын “ашып-жапқанға” мәз болғанын көріп, жаным ашиды. Шын құрметке лайық адамдарды көп жарнамаласақ, қоғамның да сұранысы өзгереді деп ойлаймын. Білімді, өнерлі азаматтарды ел алдына көбірек шығарып, жастарды солардың ғибратты ғұмыры негізінде тәрбиелеуіміз керек.
– Болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
– Жаным поэзияға жақын болғандықтан, осы бағытта біраз еңбектеніп жүрмін. Болашақта поэзия театрын ашқым келеді. Сондай-ақ, Қызылжарға келіп, поэзия кешін өткізсем бе деген арманым бар. Бүгінде Алматыда үш-төрт сағаттық романстар мен поэзия кештерін өткізіп жүрмін. Түскен қаражатты балалар немесе қарттар үйлеріне беріп, соларға қамқорлық көрсетуге тырысамын.
Сұхбатты дайындаған Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: К.Шаяхметова. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.