«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮН ТӘРТІБІНДЕ — КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Кеше облыстық әкімдікте өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен отырыста мемлекеттік орман қорын өрттен қорғау мәселесі сөз болды. Сондай-ақ, өңіріміздегі автомобиль жолдарын жөндеу және ұстау жөнінде 2015 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, биылғы жылдың міндеттері талқыланды.

Өткен жылы 8,6 гектар алқапта төрт орман өрті тіркелген. Келген шығын – 114 мың теңге. Солтүстiк Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Анатолий Усольцевтің айтуынша, орман өртінің орын алуына ауыл шаруашылығы алқаптарында 4 метрлік қорғаныс жалдың жасалмауы, қалдықтарды өртеу жұмысының бақылаусыз ұйымдастырылуы, өңделмеген, шөп басқан ауыл шаруашылығы алқаптары себеп болуда. Мәселен, өткен жылдан бері Жамбыл, Аққайың, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар аудандарындағы бірқатар шаруашылық субъектілері 20 мың гектардан астам алқапқа өрт қауіпсіздігін сақтау жұмыстарын жүргізбеген. Орман өрті жол маңындағы тыңайтылған жер телімдерін ұстаудың сапасыздығынан да орын алады. Талап бойынша тыңайтылған жер телімдерін жылына төрт рет өңдеу қажет болса, іс жүзінде бұл жұмыс тек екі рет атқарылатын көрінеді.

Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудан әкімдеріне бір аптадан кейін жергілікті жерде аталған жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқаны жөнінде есеп беруді тапсырды. Сондай-ақ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына аудан әкімдерімен бірге ерікті өртсөндірушілер құрылымдарын қағаз жүзінде емес, іс жүзінде құрып, жарақтандыруды тапсырды.

Өңіріміздегі автомобиль жолдарын жөндеу және ұстау жөнінде 2015 жылы атқарылған жұмыстар жайында облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов баяндады. Оның айтуынша, 2015 жылы жүргізілген күзгі бақылау кезінде жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 47 пайызының жағдайы көңіл көншітпейді екен. Өткен жылы облыстық және аудандық жолдарды жөндеуге 5 млрд. 140 млн. теңге бөлінген. Осы қаржының арқасында 260 километр жолға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жол жөндеуге жұмсалатын шығынды азайтуда салқын ресайклендіру әдісі тиімділігін көрсеткен. Ал қыс уақытында төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өңір қызметімен бірлескен шаралар жоспары әзірленген. Қыс кезінде қар құрсауынан ондаған көлік шығарылыпты. Су тасқынын алдын алу үшін көпірлер, жол айырықтары, бөгеттер, автомобиль жолдарының ағын суға шыдас бере алмайтын учаскелері тексерілген. Автомобиль жолдары бойынша 179 учаске бақылауға алынған.

Ал үстіміздегі жылы облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге 5 млрд. 813 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржыға 360 километр жол жөнделмек. Тиімді әдіс ретінде өзін танытқан салқын ресайклендіруді пайдалана отырып, қайта жаңарту жұмыстары жөніндегі жаңа жоба да әзірленіпті. Осының арқасында 1 километр жолды жөндеу шығыны 180 млн. теңгеден 83 млн. теңгеге дейін төмендеген. Жолдарды жөндеуге байланысты конкурстар өткен жылдың желтоқсан айында жарияланып, бүгінгі таңда мердігер ұйымдар анықталып, келісімдер жасалған. Сондай-ақ, қазіргі таңда жолдарды сақтау үшін көлік инспекциясы арқылы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын шектеу қажеттігі айтылды.

Жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты бірқатар тапсырмалар берген облыс әкімі Ерік Сұлтанов Тайынша ауданындағы Донецкое елді мекенін су басқанын айта келе:

– Көктем күшіне енді. Алдағы аптаның дүйсенбі, сейсенбі күндері ауа температурасы 15 градусқа дейін көтеріледі. Ол кезде қар суы молаяды. Қай жерде не істеу керектігін тағы бір мәрте қарап, барлық техниканы жұмылдырыңыздар. Төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет атаған елді мекендерді ғана емес, облыс аумағын толық бақылауға алуы керек, – деді.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp