«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ

Іргетасы осыдан 32 жыл бұрын қаланған Кардиологиялық орталық жуырда күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке еніп, науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Бұған аурухана ұжымы да, емделушілер де дән риза.

Орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмовтың айтуынша, төртінші қабаттың жаңа қалыпқа енуіне жергілікті бюджеттен 38 млн. теңге бөлінген. Қаражатқа еден, терезе ауыстырылып, барлық жабдық жаңартылған.

– Ғимараттың шатырын жөндеуге бюджеттен қосымша 14 млн. теңге бөлінді. Қазір екінші қабатқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған құжаттар реттелуде. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 177 мың теңге бөлініп, оған электрофизиологиялық қондырғы сатып алынды. Оның көмегімен дәрігерлер ауыр оталар жасауда. Мұндай аппарат қасымыздағы Көкшетау, Қостанай қалаларында жоқ, – дейді Азамат Мағзұмов.

Кардиологиялық орталықта бүгіндері жүйелі түрде материалдық-техникалық база жаңартылып тұрады. Мәселен, соңғы төрт жылда бұл мақсатқа бюджеттен 447 млн. теңге бөлінген. Қаражатқа эндоскопиялық кешен, биохимиялық талдау жүргізуге арналған және ультрадыбыстық зерттеу қондырғысы сатып алынған.

Кардиологиялық орталықта бүгіндері 59 дәрігер мен 160-қа жуық мейірбике жұмыс істейді. Мамандардың шетел хирургтерімен тәжірибе алмасуына кең мүмкіндік жасалған. Олар Сингапур, Франция, Германия, Италия, Корея сынды елдерде өтетін конференция мен шеберлік сағаттарына жиі қатысып тұрады.

Қазіргі таңда Кардиологиялық орталықтың хирургтері отаның 100-ге жуық түрін жасай алады. Оның ішінде күрделі саналатын оталар да бар. Жалпы жыл сайын мұнда 300-ге жуық ота жасалады.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp