«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮРДЕЛІ ОТА ӨЗІМІЗДЕ ЖАСАЛАДЫ

“Бауыр етің – балаң ауырғанша, өзіңнің ауырғаның жақсы”, – дейді Разия Аитова. Оның қызы – 9 жасар Олесяның тамақ, көмей бездері ауырып, қалыптан тыс ұлғайып кетеді. Соның салдарынан Олеся дем ала алмай, тұншыға бастаған. Қойылған диагноз – аденоидтардың шамадан тыс үлкеюі. Мамлютка қаласында тұратын олар дәрігерлердің жазып берген дәрі-дәрмектерін қабылдап, жыл бойы емделіп те көрген. Бірақ бұл дертті жеңудің бір-ақ жолы бар еді. Ол – ота. Облыстық балалар ауруханасында аталмыш дертке отаны ескі әдіспен жасайтынын білгендіктен, баласын ота үстеліне жатқызуға батылы бармайды. Қызын Омбының дәрігерлеріне көрсетпекші болады. Бірақ облыстық балалар ауруханасында жуырда сатып алынған заманауи құрал-жабдықпен мұндай күрделі ота жасау мүмкіндігі пайда болғаны жөніндегі жағымды жаңалықты естиді.

– Балалардағы көмекей-мұрын қуысындағы лимфа бездерінің ісік тәрізденіп үлкеюін аденоид деп атайды. Бұл дертке сәбилер жиі шалдығады. Баланың тыныс алуы қиындайды. Ұйқысы бұзылады. Сәбилерде ауру тіс шығуын кешеуілдетіп, баланың құлағы дұрыс естімей де қалады. Тіпті, тілдің кемістігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Сырқатты емдеудің бірден-бір жолы – ота. Ота күрделі. Сол себепті жасы беске толмаған балаға ескі әдіспен ота жасау қауіпті болды. Сатып алынған құралдың арқасында ота эндоскопиялық әдіспен жасалып келеді, – дейді аталмыш аурухананың бет-жақ хирургиясы мен оториноларингология бөлімшесінің меңгерушісі Абзал Бөлекбаев.  

Олесяға ота жасалатын болды. Эндоскопиялық құрылғының арқасында көмекей мен мұрынға біткен өскінді оңай алып тастайды. Заманауи құрылғы мұрын қуысындағы өскіннің орналасуын компьютер арқылы көруге мүмкіндік береді. Отаны ескі әдіспен жасаған уақытта соқыр тәуекелмен өскінді алып тастауға тырысатын. Отаның немен аяқталатыны да белгісіз болатын. Себебі, өскінді алу кезінде көзге көрінбейтін тамырларды кесіп кету қаупі бар еді. Сондықтан да аталмыш дертке шалдыққан сәбилерге дәрігерлер отаны жасы 5-тен асқан соң ғана жасайтын.

– Заманауи құрылғымен отаның жасалу барысын бақылауға мүмкіндік туды. Мұрын қуысындағы қан тамырларын зақымдамай, ісікті толықтай кесіп алуға болады. Бұрындары солтүстікқазақстандықтар дертті емдеу үшін Омбының ауруханаларын жағалайтын. Ондағы отаның құны 70 мың теңгені құрайды. Ал қазіргі таңда оларға ешқайда барудың қажеті жоқ. Шетелде істеп жатқан отаны облысымызда жасайды. Және ем тегін. Құрылғыны сатып алғанымызға үш айдай уақыт өтті. Содан бері бөлімшемізде 66 балаға ота жасалды, – дейді дәрігер.

Құрылғы диагностикалық бағытта да қолданылады. Дәрігердің айтуына қарағанда, қазіргі таңда балалар арасында гайморит, іріңді отит аурулары жиі кездесетін болды. Ауруды ұзақ уақыт бойы емдемей, асқындырып жібереді дейді дәрігерлер. Жуырда ғана Ақжар ауданынан ауыр жағдайдағы бала аурухананың жан сақтау бөлімшесіне бірақ түскен. Оның себебі – гаймориттің асқынуы. Баланың көзі ауыра бастаған. Мектептегі емтихандарының біткенін күткен баланың мұрнынан басталған дерт маңдайға шапқан. Абырой болғанда мұрын мен маңдайды жайлаған ірің миға жайылмаған. Науқас сауығып, үйіне оралды дейді дәрігер.

Айта кету керек, аталмыш бөлімше балалар ауруханасында 1983 жылы ашылды. Бүгінгі күні онда 3 дәрігер, 8 медбике қызмет етеді. Бөлімшеде жылына жеті жүзден астам науқас емделеді. Оның тең жартысына ота жасалады екен.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp