Қазіргі таңда Қазақстан бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену табалдырығында тұр. Өмір ағымына қарай білім беру жүйесінің моделі күрделі өзгерістерге ұшырап отыр. Сондықтан заман талабына сай жаңа мазмұнда білім беруді ұйымдастыру 12 жылдық оқытуға көшумен тікелей байланысты. 2015-2016 оқу жылында Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі апробациядан өтетін 30 қанатқақты мектептің қатарына енді. Осыған байланысты білім ошағында дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Болашақта еңбек етіп, өмір сүретін бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалім қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болмақ. Сондықтан мұғалімдер өздеріне жүктелген осы ауыр міндетке зор жауапкершілікпен қарайды. “Қазақтың тағдыры да, келешек ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі”, – деп ұлы Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей, біздің ойымызша, 12 жылдық оқытуды енгізу нәтижесінде білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріске бет бұрмақ.
Жаңа білім беру жүйесіне көшу қарсаңында мұғалімнің кәсіптік жетілуі мен дамуы тұрғысында көп мәселелер қарастырылуы қалыпты жағдай. “Мұғалім – мектептің жүрегі” деп көрнекті ағартушы Ы.Алтынсарин айтқандай, барлық салмақ оқытушыға түспек. Сондықтан осы жаңашылдықтармен танысып, оған дайын болу, білім берудегі өзгерістерді мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге сіңіру – мұғалімдердің алдындағы үлкен сын. Жаңа мазмұндағы оқытуды меңгеру мақсатында мектебіміздің 17 ұстазы “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы басшылығы ұйымдастырған дайындық курстарынан өтуде. Олардың ішінде пән мұғалімдерімен қатар, бастауыш сыныптарға сабақ беретін бес ұстаз бар. Олар арнайы курстарда оқу жоспарына енгізілген бірқатар жаңа пәндерді білім стандарттарына сай сапалы түрде өткізудің әдіс-тәсілдерімен қарулануда.
Бүгінгі күні жаңа қоғамдық үлгідегі мектеп пен мұғалімдер алдында тұрған негізгі мәселелер “Баланы оқуға қалай үйрету керек?”, “Ойлауға қалай үйрету керек?”, “Қалай өз өмірінің менеджері болуға үйрету керек?” деген сұрақтарға жауап табатындай білім нәрін беруге бағытталып отыр. Қазақта “тамызығын тапсаң, тас та жанады” деген сөз бар. 12 жылдық мектептің мақсаты – әрбір балаға терең білім мен тәрбие беріп қана қоймай, әр баланың бойындағы табиғи қасиетін ашып, жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндағы басты бағыттар ретінде тұлғаның көшбасшылық, коммуникативтік қасиеттерін дамыта отырып, оқушылардың өз-өзіне, мектепке, мұғалімдерге және ата-анасына деген қарым-қатынасына да ерекше мән беріледі. Жаңаша оқытуға көшу, жалпы алғанда, қазақстандық білім берудің ойлы, шығармашыл тұлғасын қалыптастыруға бағдарланған. Жаңа ұлттық үлгіні дамыту “жаппай білім беруден” “әрбір адамға өмір бойы білім беру” моделіне өтуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, әлемдік білім беру кеңістігіне жедел енуді қамтамасыз етеді.
Мектеп жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін, халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы жинақталып, сақталған мұраларын келешек ұрпақ игілігіне жеткізетін мәдени ошақ, ұлттық тәлім-тәрбие орталығы болып саналады. Ұлттық мектеп тағдыры – қай заманда да көзі ашық, көкірегі ояу ұлтжанды азаматтарды толғандырып келген өзекті мәселелердің бірі. 12 жылдық білім беруге көшу Қазақстанның әлемдік қоғамдастық қатарында басқа елдермен терезесі тең дәрежеге қол жеткізуі, жас ұрпақтың нұрлы болашағы үшін жасалып отырған батыл қадамы болмақ. Біз қоғам игілігі, елдің өркендеп дамуы үшін жасалып жатқан осы маңызды бастамаға қолдау көрсетіп, барынша атсалысатынымызға сенеміз. Сол сенім бізді алға жетелейді. Халқымыздың ғасырлар бойы армандап, екі ғасыр тоғысында қол жеткізген бақыты – ол біздің тәуелсіздігіміз. Оның іргетасының мықты болып, нығаюы жас ұрпақтың терең білімі мен тәлімді тәрбиесіне байланысты. Біздің мектеп ұжымы да жас ұрпақты жаңа мазмұнда оқыту мен тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ететін болады.
Ботагөз БАТАНОВА,
Сарытомар орта мектебінің
директоры.
Мағжан Жұмабаев ауданы.