Әр жолаушы діттеген жеріне аман-есен жетуді ойлайды. Ол үшін автокөліктің барлық бөлшектері ақаусыз істеп, уақытында майлау мен оны күту, жөндеу, қосымша бөлшектерін айырбастау сияқты жұмыс қажет болатындығы белгілі. Осы жағдайды ескерген ақжарлық Мақсұт Жүнісов алдымен жер телімін рәсімдеп, одан кейін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы шағын несие алып, өз ісін бастаған болатын. Бүгінде ол несиеге өз қаражатын қосып, техникалық қызмет көрсету орталығын ашып отыр. Көкшетау-Омбы тасжолының оң жақ қанатында орналасқан “Қыпшақ” техникалық қызмет көрсету орталығының тұсаукесеріне аудан әкімі Серікбай Тұралинов қатысып, жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады, станцияның жетекшісі Мақсұт Жүнісовке аудан тұрғындары атынан ризашылық білдірді.
Аталған нысан бірнеше қызмет түрлерін көрсетеді. Көліктерді жөндеумен қатар, мұнда оларды жуады, дөңгелектерін жөндейді және автомашиналарға қажетті қосалқы бөлшектер мен құрал-саймандар сатады.
Болат ӘМІРИН.
Ақжар ауданы.