«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«КҮРЕС – МЕНІҢ ӨМІРІМ», – дейді белгілі спортшы, облыстың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов

– Жамбыл Серғазыұлы, 70 жасқа толу қарсаңында жіліншігіңізді сындырып алғаныңыз қиын болған екен. «Жазым – аяқ астынан» деген осы. «Ауырып тұрдым – аунап тұрдым» демекші, алып жатқан ем-домыңыздың шипасын бергей!

– Рахмет! Құттықтаушылар да, денсаулықты сұраушылар да көп. Спорт саласындағы азды-көпті сіңірген еңбегімді елеп-ескеріп жатқандарына алғысым шексіз. «Дорогой борьбы и триумфа» атты естеліктер кітапшасын құрастырып шығарып, негізгі дайындық шараларына кіріскенімде осындай бейнетке кез болдым. Қорған облысындағы Илизаров атындағы ортопедия және травматология институтында екінші қайтара ота жасатып, үйге оралған бетім. Шүкіршілік дейміз.

– Сіз сияқты ел азаматының өмір жолы кейінгі жастарға үлгі, берер ғибраты мол екені айтпаса да түсінікті. Олай болса, балалық бал дәуреніңізден сыр шерте отырсаңыз.

– Туып-өскен жерім – Жамбыл ауданының қазіргі Баймағамбет Ізтөлин ауылы. Әкем Серғазы Жеңіс туы желбіреуге бір жыл қалғанда соғыстан жарақатпен оралып, 1945 жылы дүниеге келіппін. Ол кездері жаңа туған сәбидің есімін сыйлы, беделді адамдарға қойдыру дәстүрі қалыптасқан. Ұжымшардың төрағасы Зікірия Ысмайылов деген кісі жүз жасаған Жамбыл бабамыздай өмір жасы ұзақ болсын деген ырыммен қойса керек. Екі жасымда анам көз жұмды. Менің алдымда үш бала болған. Қызылшадан шетінеп кетіпті. Әкем кейін Қатипа деген әйелге үйленіп, екінші анамның арқасында жетімдіктің зарын тарта қойған жоқпын. Бір шаңырақта жалғыз тәрбиеленсем де еркелетпеді. Керісінше, қаталдау ұстады. Одан ешқандай жамандық көрген жоқпын. Қияндағы ауылда тіршілік таң атқаннан ымырт түскенше қыж-қыж қайнап жататыны белгілі. Үлкендер малдың соңында жүрсе, біздің баққанымыз – ойын. Қыста шана тебеміз, доптаяқ ойнаймыз. Жазда көл жағалап, суға шомыламыз. Бірде әкем төрт фляга қорытылған майды Қорған қаласына өткізіп, қант, кәмпит, шай, кездеме секілді қат заттар әкелді. Маған доп сатып алғанына мұндай қуанбаспын! Содан бастап ересектерден кішкентайларға дейін волейбол ойнауға дағдыландық. «Юность» маркалы велосипед тек менде болды. Ауылдастарымның ортақ көлігіне айналды десем, артық айтқандық емес. Кез келгені еш сұраусыз мініп, теуіп кете беретін. «Снегурка» атты қайқыбас конькиге де алғаш мен иелік еттім. Бірде коньки теуіп жүргенде көлдің ойығына түсіп кетіп, балалар ажалдан аман алып қалғаны бар. Шаңғыны қалай «сатып» алғанымды айтайын. Әкемнің жақын ағайыны Асқар Шолановтың отбасында тұңғыш бала дүниеге келіп, желдей жүйткіп барып сүйінші сұрадым. Ауқаттылар қатарынан еді. «Сүйіншіңді атай ғой», – деді. Қалай аузыма түскенін білмеймін, «Шаңғы!» – деппін. «Сұрағаның осы ғана ма?» – дегендей, бетіме таңырқай қарап үндемеді. Бірақ сөзінде тұрды.

– Күреске деген қызығушылыңыз қалай оянды?

– Жастайымнан шымыр болып өсуіме, оң-солымды ертерек тануыма соғыстан кейінгі қиын жағдай көбірек әсер еткен тәрізді. Әкем соғыс мүгедегі болғандықтан, үнемі қас-қабағына қарайлайтынмын. Ренжітіп алмауды ойлап, қайда жұмсаса да, екі етпейтінмін. Бұғанам қатпаса да, ауыр жұмыстарды еңсеріп тастайтынмын. Иық тіресе кеткен балаларды алып та, шалып та жығатынмын. Ол кездері ауылдарда жиын-тойлар жиі өтетін. «Күш атасын танымайды» дегендей, жасыңа, салмағыңа қарамастан, белдестіре беретін. Қарсылас шақ келтірмейтінмін. Осылайша, «балуан бала» атанып жүргенімде кәсіби күрестің қандай екеніне1960 жылы көзім анық жетті.

Жаздың жадыраған бір күнінде Ақылбай Бектасов деген көрші ауылдың жігіті қыдырып келе қалды. Пединститутта оқитын оның күрес секциясына баратынын естіген жұртшылық салмағы одан әжептәуір ауыр, бойы еңгезердей Әлім Дәуітовті қолқалап ортаға шығарды. Ақылбай көзді ашып-жұмғанша өзінен әлдеқайда зор жігітті айлалы әдіспен алып ұрғанда таңданысымды жасыра алмадым. Осыдан кейін күрес десе, ішкен асымды жерге қоятын халге түстім.

– Күрестің әліппесін үйретіп, қыр-сырын ұқтырған алғашқы ұстазыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Ұстаздарымның бәрін ерекше ілтипатпен еске түсіремін. Десек те, олардың арасында Қапен Әбдірахманов ағаның орны бөлек. Бастауыш білімді осы ағайдан алдым. Бір аяғын майдан даласында қалдырғандықтан, қос балдаққа сүйеніп жүретін. Дене шынықтыру сабағында жаттығу қимылдарын көрсету ол кісіге үлкен күшке түсетін. Сондықтан көбіне мені көмекшілікке алатын. Өйткені, үйдің жанындағы турникке асылып, мықшыңдап жатқанымды көріп: «Сенен түбінде жақсы спортшы шығады», – деп көтермелеп қоятын. Спортқа деген құлшынысымды арттырғысы келді ме екен, күрес жаттығулары бейнеленген суреттері бар «Вожатый» журналын қолыма ұстататын. Онысы ауыл ішінде қалып қоймасын, үйреніп, жетіле берсін деген шынайы қамқорлығы екенін кейін ұқтым.

– Мектепті күміс медальмен бітіргеннен кейін денешынықтырушы мамандығын таңдаған боларсыз?

– Тағы бір қызық жағдайды айтайын. 1962 жылы құжаттарымды Алматы ауыл шаруашылығы институтына тапсырып, физикадан – «төрттік», қалған пәндерден «бестік» баға алдым. Конкурстан өтуге 1 балл жетпей, Петропавл педагогика институтына емтихансыз қабылдандым. Агротехника факультетін бітіріп, химия және биология мамандығын алып шықтым. Ол кезде денешынықтыру агротехника факультетінің бір бөлімі болатын.

– Бала кезіңізден армандаған күрес ше, күрес?..

– Институтта оқып жүргенде сырттай жақсы білетін білікті бапкер Виктор Виктің қарамағында жаттығып, түрлі жарыстарға қатыса бастадым. Бастапқыда еркін күреспен айналыстым.

– Алғашқы белдесуіңіз есіңізде болар?

– Әрине. 4 айлық жаттығудан соң боз кілем үстінде 52 кг. салмақ дәрежесі бойынша атағынан ат үркетін Амангелді Хамитовпен күрестім. Ол – Қазақстанның чемпионы, мен – бірінші разрядшымын. Жеңілуге тура келсе де, боз кілемге шыққан сайын тәжірибем толысып, шыңдала түстім. Қалалық, облыстық сайыстардың алдын бермейтін болдым. Көп ұзамай классикалық (грек-рим) күреске біржола табан тіредім.

– Неге?

– Шамасы, жаттықтырушы менің кеудеден асыра лақтыру әдісіне әбден машықтанғанымды әрі табиғи дене күшімді ескерген болу керек. Алғашқы аяқалыс жеңіспен басталды. Облыстық чемпионаттың ақтық белдесуінде еліміздің бірнеше мәрте жүлдегері Михаил Лиді айқын басымдықпен ұттым. Семейде өткен студенттер біріншілігінде ә дегеннен даңқы жер жарған Владимир Бакулинмен кездестім. Еуропа жеңімпазынан балл бойынша ұтылып, ендігәрі одан жеңілмеске серт еттім.

– Сөзіңізде тұрдыңыз ба?

– «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» демей ме? Арада 4 жылдан кейін Мәскеуде өткен КСРО халықтарының спартакиадасында Қырғызстанның атынан белдесіп, итжығыс түстім. Иван Кочергин, Владимир Бакулин, Михаил Батов секілді әлем, Еуропа жеңімпаздарын ғана алға салып, жалпы есепте 4-ші орынды олжаладым. Байрақты бәсекенің ең жас қатысушысы, бір жағынан, спорт шеберлігіне кандидат бола тұра, Олимпиада, әлем чемпионы Рыбалконы ұтуым қатты сүйсіндірсе керек, КСРО күрес федерациясының жетекшісі Иван Катулин «Советский спорт» газетіне: «Неизвестный борец из Киргизии Жамбул Тасеменов очень удачно выступил на Спартакиаде и теперь включен в состав олимпийской сборной СССР», – деп жазды. Күрестің жілік майын шағып жүрген кезім. 1968 жылы Қазақстан біріншілігінде В. Бакулинді 3 балл айырмасымен ұтып, күміс медальды қанжығаға байладым.

– Туған жерден шығандап, бауырлас ағайындарға қалай тап болып жүрсіз?

– Оның да өз тарихы бар. 1964 жылы Виктор Вик екеуіміз әскер қатарына бірге шақырылып, азаматтық борышымызды өтеуге Өзбекстанға жіберілдік. 52 килограмм салмақ бойынша Түркістан әскери округінің, Өзбекстанның екі дүркін чемпионы атағын иелендім. Өзбек ағайындардың әскерден кейін түпкілікті қалу туралы ұсынысынан бас тартып едім, құрамадан шығарып тастады. 1967 жылы Мәскеуде өтетін КСРО халықтары Спартакиадасына қатыса алмайтынымды ойлап, қатты қапаландым. Содан әскери бөлімнің спорт жөніндегі басшысы А. Дружконың қолдауымен әскери борышымды Қырғызстанда жалғастырдым. Мұнда да ел біріншілігін жеңіп алдым.

– Петропавлға оралуға не себеп болды?

– Обалы нешік, қырғыз ағайындар да ұлттық құрамаға қабылдап, барлық әлеуметтік жағдайды жасайтындарына кепілдік берді. Бішкек қаласынан екі бөлмелі пәтер бөліп, қайтсе де алып қалуға күш салды. Бірақ мен туған жерімді, әке-шешемді, туған-туыстарымды, құлын-тайдай тебісіп өскен достарымды бәрінен қымбат санадым.

– Мұндағылар бірнеше елдің жеңімпазын басына хан көтеріп, қарсы алған шығар?

– Қайдағы?!. Пединституттың сол кездегі ректоры тұрмыстық көмек беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сол кезде жоғары және орта білім беру министрлігінде жауапты қызмет атқаратын байырғы ұстазым Оразымбет Нұрпейісов ағайдың арқасында жағдайым түзеліп, жатақханаға орналастым.

– Жәке, Олимпиадаға, әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіңіз бола тұра жолыңыздың болмағанына өкінбейсіз бе?

– «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ», – деп хакім Абай айтпақшы, өкінішті сәттер, тығырыққа тірелген кездер болды. Үлкен спортта қолдан жасалатын қиянаттар, қитұрқы амалдар, қасақана шеттетулер кездеспей тұрмайды. Олимпиада алдында ұлттық құрама сапында жаттығуларға, ірі жарыстарға қатыстым. Аргентинадағы әлем біріншілігі қарсаңында еліміздің бас жаттықтырушысы А.Колесов Цахатзоры қаласындағы жаттығуға шақырды. И. Поддубный атындағы Бүкілодақтық жарыста әзірбайжандық балуан менен бір ұпайға ғана басым түсті. Ол кейін Оңтүстік Америкада әлем тәжін киді. Варшавадағы Пытлисинский атындағы І халықаралық додада поляк балуаны Ян Михайликті айқын басымдықпен жеңдім. Ол жарты жылдан кейін әлем чемпионы болды. Міне, бап келіссе де, кейде бақ жанбай жатады.

Бәрінен де жүйкені жұқартатыны, қазақстандық балуандардың асығы алшысынан түсіп тұрса да, құрамаға көбіне ресейліктер алынатын. Бұған налысақ та, іштей тынатынбыз. Республика басшылығы араласпағанда Жақсылық пен Шәмілдің Олимпиада ойындарына қатысу-қатыспауы екіталай еді. Әр жылдары еркін күрестен Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Петр Суриков, классикалық күрестен Анатолий Колесов, Владимир Бакулин, Анатолий Быков, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков Қазақстанды айдай әлемге танытты.

Кейбіреулер бақай есеппен қанша қыжыртса да, абырой-беделім төмендеп қалған жоқ. И. Поддубный, Ы. Ыбыраев атындағы халықаралық бәсекелерде топ жардым. Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алдым. 1970 жылы үлкен спортпен біржола қоштастым.

– Жаттықтырушылық, комсомол белсендісі, білім саласының жауапты қызметкері секілді еңбек белестерін сөз еткенде спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатты ашудағы ерекше қажыр-қайратыңыз бен белсенділігіңіз алдымен аталады. Мұндай әрекетке не үшін бардыңыз?

– 1994 жылы маған қатардағы мектеп-интернатты басқару сеніп тапсырылды. Бұған дейін олимпиадалық резерв дайындайтын спорт орталығын ашу жөнінде мәселе көтеріп жүргенмін. Соның орайы келгенін түсініп, үш жылдың ішінде спорттық бағыттағы білім үйіне айналдырдық. Қазір мұнда тәжірибелі бапкерлер жұмыс істейді. Материалдық-техникалық базасы нығайып, республикалық мәртебе алды. Спортқа бейімі бар балалар еліміздің әр қиырынан келіп, грек-рим, еркін күрес, шаңғы, жеңіл атлетика, коньки, акробатика, көркем гимнастика, бокс, баскетбол, волейбол, велоспорт түрлерімен айналысады. Ауыл балаларын қабылдауға басымдық беріледі.

Шәкірттерім өзімнен озды, оған тек қуанамын. Кикбоксшылар Әмір Тінәлин, Мирас Бірімжанов, Самат Қадырбеков, балуандар Мақсат Нүсіпов, Ренат Нығматуллин, жеңіл атлетшілер Маргарита Мацко, Андрей Белоусов, велошабандоздар Наталья Стефанская, Елена Обатурова, конькишілер Наталья Рыбакова, Елена Урванцева, Дмитрий Бабенко, Роман Креч және басқалары әлем, Еуропа, Азия біріншіліктерінде талай рет жеңімпаз, жүлдегер болды.

Өткеніме үңіліп, ой жіберетін болсам, өмірімді спортсыз, оның ішінде күрессіз елестету қиын.

– Қызылжар өңірінің тұрғындары сізді шебер спортшы, тәлімгер ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы біледі. Зейнет демалысында жүрсеңіз де, қоғамдық жұмыстардан шет қалған емессіз. Спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа қарастырылған 62 миллион теңге қаражат әлдекімдердің қысастығымен «сызылып» тасталғанда қайтадан бөлдіртуге тікелей атсалысуыңыздың өзі – үлкен ерлікпен пара-пар.

Ғибратты әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

«Солтүстік Қазақстан».

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp