«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ

2017 жылдың қараша айында елордада тұратын балаларыма барып, немерелерімді көріп, мауқымды басқан соң “Тальго” пойызына отырып, туған ауылыма жол тарттым. Өз купеме жайғасқаннан кейін қаракөлеңкеде отырған келіншекпен амандасып, таныстым. Әдеміше келген, аққұба өңді, қой көзді қазақтың сүйкімді қызы екен. Жанары тұп-тұнық. Ақырын ғана жымиғаны ибалылығын көрсетсе, пейіл қойып сөйлескені тәрбиелілігін аңғартады.

Көзім түскеннен “оны қайда көрдім?” деген ой жанымды жегідей жеп барады. Таныс бейне, таныс көзқарас.
– Қайда жұмыс істейсіз? – деп сұрадым.
– Облыстық перинаталдық орталықта.
– Мен 1997 жылы сіздерде ең кенже қызыммен жатқанмын, баланы ота арқылы алған.
– Қай айда жаттыңыз?
– Қазан айында, реанимацияда жеті күн жатқам.
– Ал мен сол кезде анестезиолог болып жұмыс істегем.
Тоқта! Миымда жарқ етіп кадрлар өте бастады…
– Сіз Динарасыз ба?
– Иә.
– Мені қаншама сағат күзетіп отырдыңыз ғой. Наркоздан оянатын уақыт өтіп кеткенде, “Гүлшат, ояншы!” деп бетіме тамған көз жасыңыздан, оянғанмын!
Оның да есіне түсті. Екеуміз купенің ортасында құшақтасып, көзімізге жас алдық. Ой, Аллам-ай, осындай да болады екен-ау?! Жиырма жыл өткен соң табысып отырғанымызды қарашы!
Ойша өткенге көз жүгірттім. Қалай болып еді өзі!.. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының алғашқы жартысында үш құрсақ көтердім. Үшеуі де қыз бала, балдай тәтті тілдерімен, жүректі тебірентер қылықтарымен аналық мейірімімді оятқан құлындарым да бойжете бастады. Тоқсаныншы жылдардың басында Елизавета есімді қайын сіңлім үлкен ұлы Аянды дүниеге әкелді. Ер бала, кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді. Жолдасым Әсет екеуміз баланы қызық көріп, күнде сол үйге барамыз. Бір күні Әсет: “Гүлеке, сен барып Аянды әкелші, бізге берсін”, – деді. Жалпы менде бір аңғалдық, балалық мінез бар. Дүкеннен нан сатып алуға бара жатқан сияқтымын. Есім шығып, баланы үйге әкеле жатқанымды елестетіп, ұшып келем. Үйіне кіре сала күйеу балама қайын ағасының сәлемін айтып жатырмын. Ол: “Бермеймін, бала өзіме керек”, – деп бір-ақ қақты.
Үйге қарай ілби басып келемін. Аяғыма тас байлап қойған секілді. Сол күні Әсет екеуміз “үндемес” ойнадық. Менің бетім, оның меселі қайтып қалды. Содан арасына жылдар аралатып, қайын сіңлім бірінен соң бірі екі ер баланы өмірге әкелді. 1996 жылдың шуақты бір күнінде күйеу балам Айдар келіп тұр.
– Тәте, ана үшінші баланы сен ал, – деп қояды.
– Бізге Аян керек болған, енді өзім тауып алам.
Мен бұл кезде үш мүшел жастың үстінде тұрғам. Алланың құдіреті шексіз ғой, шіркін? Осы жылы бойыма бала бітті. Денсаулығым да жоқ, қан қысымым жоғары. Алайда, өлсем де осы баланы өмірге әкелемін деп шештім. Қиын болды, шыдадым.
Ауылдағыларға менің жүкті болғаным қызық көрінді. Үлкен енем: “Алдыңғыларыңды жеткізсең де жарар”,– деген-ді, бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Алты ай болғанда қатты ауырдым, қан қысымым 220-ға жетті. Бетім табақтай, көзім сығырайған менің жағдайым шынында да ауыр еді. Бірақ аналық махаббат жеңді.
1997 жыл түрлі қиындықтармен менің есімде қалды. Жарық, газ жоқ, дүкен сөрелері қаңыраған, азық-түлік аз. Газет-журнал, теледидар деген көзден бұл-бұл ұшты. Осы жылдарда көптеген ұстаздар мектептен бизнеске, тағы басқа жұмыстарға ауысып кетті. Хош, сонымен тура алты ай, бес күн болғанда аудандық әйелдер босанатын ауруханаға түстім. Мұндағылар май шамға қарап отыр екен. Әйелдер сол шаммен босанатын, бәріміз әрбір түн тыныш өтсе екен, деп тілейтінбіз. Менің қан қысымым күннен-күнге көтеріле берді. 27 қазан күні басымды тіпті көтере алмадым. Шіркін, дәрігерлер мен медбикелердің еңбегі адал ғой. Мың алғыс сіздерге!
Роза Байсарина деген медбикеге: “Өлгім келеді”, – дегенімде, маған қараған көздерінен үрей байқалды. Тез арада дәрігерді шақырып, мені тексеріп, өздері ұзақ сөйлескеннен кейін, таңғы сағат бесте Петропавлға әкетті. Жол бойы Құдайға сиынып, өзімді-өзім жұбатып, әйтеуір, жеттік-ау қалаға.
Түскі сағат он екіде мені он шақты дәрігер қоршап алып, консилиум құрды. Медбикелер саусақтан, тамырдан қан алып, содан соң төсекке салып, лифтімен көтеріп бара жатыр. Бір ақ халатты ер адам: “Гүлшат, біз ота жасаймыз, қан қысымыңыз 250-ге жетті, әйтпесе сізден айырылып қалуымыз мүмкін”, – деді. Мен қарсыласып, бірдеңе айтамын, бірақ сөздерім естілмейді, көздерім аударылып-төңкеріліп жатыр.
Сонымен операция үстелінде жатырмын, наркоз берілді, мен ұйқыға кетіп барамын, сонда да дәрігерлердің айтқан сөздерін түгел естіп жатырмын.
– Кого она хотела? – деген сұраққа,
– Мальчика, – деген жауап естілді. Сосын:
– Ай, девочка ,– деді дәрігер.
Ұрпағым келді өмірге! Содан бір сағат, екі, үш, төрт, бес сағат өтті. Мен әлі оянбадым.
Динара! Аяулы дәрігерім менің! Сол кезде менің өмірім үшін арпалысқан Мария Ивановна, Марат Жақсылықұлы Наташа, Алена, Светлана Владимировна, сосын сіз едіңіз, Динара! Мың алғыс сіздерге!
Осы естеліктер кино сияқты көз алдымнан өте шықты. Екеуміз қалаға жеткенше әңгімелестік, сырластық. Динара елордада тарихшы мамандығына оқып жатқан сол кішкентай қыз, бүгінгі бойжеткен Назеркеммен телефон арқылы сөйлесті. Осы әңгіменің арқауы болған Динара Рахметова бүгінгі таңда перинаталды орталықта бөлім меңгерушісі. Сол жолы Алматы қаласынан білімін жетілдіріп келе жатқан беті екен. Динара, жаныңыздың тазалығынан, дәрігерлік парызды адал атқарғаныңыздан, адамгершілігіңізден, сол бір өмір мен өлім арасында жатқанда бетіме тамған көз жасыңыздан айналдым! Бақытты бол!

Гүлшат РАМАЗАНОВА.
Жамбыл ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp